«Үздік құда»: Мемлекет мінберінен мейрамханаға дейін тараған марапат

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалды еліміздегі мемлекеттік наградаларға ұқсас жасалған жалған атақтар мен қоғамдық марапаттардың көбеюіне қатысты Мәдениет және ақпарат министрлігіне сауал жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘРТЕБЕЛІ АТАУЛАРДЫҢ МӘРТЕБЕСІ ЖОҚ

Депутат «Ұлт ұстазы», «Қазақстанның қайраткері» секілді мәртебелі атауларды өз бетінше тағайындайтын ұйымдардың жұмысына заң жүзінде тыйым салуды немесе қатаң реттеуді ұсынды. Оның пікірінше, бұл үрдіс мемлекеттік марапаттардың қадірін кетіріп, қоғамда жаңсақ түсінік қалыптастырып отыр. Ресми сипаттағы белгілердің «үздік құда» сияқты әзіл-қалжың деңгейіндегі төсбелгілермен қатар қойылуы ұлттық құндылықтарға нұқсан келтіруі мүмкін.

Бүгінде тойдағы даңғазалықтың шегі болмай тұр. Той иелері есік аттаған құдаларға «үздік құда»деген төсбелгі тағып, қасиетті марапат ұғымын мәнсіз ойыншыққа айналдырып жіберген. Псевдомарапат пен қолдан жасалған төсбелгілер алу модаға айналды. Алып жатқан кейбір медаль мен төсбелгінің қадірі әлгі «үздік құда» төсбелгісінен де аспайды,– дейді депутат.

«ҚОҒАМДЫҚ МАРАПАТ» ҰҒЫМЫ НАҚТЫЛАНБАҒАН

Ерболат Сатыбалды нақты мысал ретінде 2025 жылдың соңында орын алған оқиғаны тілге тиек етті. Сонымен қатар ол қоғамдық бірлестіктердің Бауыржан Момышұлы сияқты тарихи тұлғалардың есімін және «Батыр», «Намыс» секілді мәртебелі сөздерді өз еріктерімен қолдануын заңсыз деп санайды. Қолданыстағы заңнамада «қоғамдық марапат» ұғымы нақтыланбағандықтан, көптеген ұйымдар бұл олқылықты пайдаланып, мемлекеттік наградаларға ұқсас дизайнмен белгілер шығарып келеді.

Депутат үкіметке аталған мәселені шешу үшін бірнеше нақты ұсыныс берді. Атап айтқанда, ол «Мемлекеттік наградалар туралы» заңға өзгерістер енгізіп, қоғамдық ұйымдар беретін белгілердің құқықтық шекарасын бекітуді сұрады. Сондай-ақ қоғамдық марапаттарға тарихи тұлғалардың есімін беруге және «Еңбек сіңірген», «Даңқ» секілді мемлекеттік деңгейдегі терминдерді қолдануға тыйым салу қажеттігін айтты. Сонымен қатар, кез келген марапаттың дизайны мен атауы алдын ала міндетті геральдикалық сараптамадан өтуі тиіс деді. 

КОНТЕКСТ

Кейінгі жылдары Қазақстанда марапат пен медальға қатысты дау көп. Азаматтық қоғам өкілдері мемлекет тарапынан беріліп жатқан атақ пен медальға қатысты да сын көп айтады. Әлеуметтік желіде “елде медаль алмаған адам қалмады” деген мемдер де пайда болған. Қандай да бір мереке қарсаңында билік органдары халыққа танымал адамдарға медаль мен марапат беруді әдетке айналдырған.