Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Иранмен бірқатар бірлескен жобалардың уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz .
ҚАЗАҚСТАН АСТЫҚ ЖЕТКІЗУДІ ТОҚТАТТЫ
Вице-министр Иранмен бірлескен жобалардың тоқтатылғанын жеткізді.
Өздеріңіз білетіндей, жағдай өте күрделі. Қазіргі уақытта Иранмен бірлескен бірқатар жобалар тоқтатылды. Себебі бұл елде әскери жағдай енгізілген. Осыған байланысты біздің бизнес өкілдері мен кәсіпкерлер әзірге күтуде, — деді Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов.
Оның сөзінше, тоқтатылған бағыттардың қатарында астық жеткізу мен азық-түлік өнімдері бар екенін айтты.
Қазақстан үлкен шығынға ұшырап отырған жоқ. Өйткені бұл бағыттағы көлем ел экономикасына айтарлықтай әсер ететіндей үлкен емес. Дегенмен, Иранмен жақсы серіктестік қарым-қатынасымызды ескерсек, белгілі бір әсері болады. Бірақ ол аса үлкен емес, – деп қосты Исетов.
СОҒЫСҚА ДЕЙІНГІ ҰСЫНЫС
Айта кету керек, ақпан айында Қазақстан билігі Иранға отандық өндірілген 60-тан астам тауарды жеткізуді және тауар айналымын үш миллиард долларға көтеруді ұсынған еді.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Иранның өнеркәсіп, кеніштер және сауда министрінің орынбасары, Сауданы дамыту ұйымының басшысы Мохаммад Али Дехган Дехнавидің кездесуінде екі ел арасындағы өзара тауар айналымын ұлғайту мәселесін талқылаған.
Біз Иранмен тауар айналымын 3 миллиард долларға дейін арттыру мүмкіндігін көріп отырмыз. Иран нарығына жеткізу үшін 162 миллион доллар сомасына астық, күнбағыс майы, ет өнімдері және басқа да тауарларды қоса алғанда, 60-тан астам тауар позициясын ұсынуға дайынбыз, – деген еді министр.