АҚШ долларының индексі (DXY) шамамен 98 деңгейіне дейін төмендеп, бір ай ішінде 1,54%-ға құлдырады. Бұл – соңғы алты аптадағы ең төменгі көрсеткіш, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ДОЛЛАР НЕГЕ ӘЛСІРЕДІ?
АҚШ доллары индексі (DXY) сегіз сауда сессиясы қатарынан төмендеп, Таяу Шығыстағы қақтығыс кезінде жинаған өсімінің басым бөлігін жоғалтты.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, бейсенбі күні индекс небәрі 0,15%-ға өсіп, 98,15 деңгейінде қалып отыр. Бұл инвесторлардың тәуекелі жоғары басқа валюталарға бет бұра бастағанын көрсетеді.
DXY ДЕГЕН НЕ?
АҚШ доллары индексі (DXY) – доллардың нақты бағамын емес, оның алты негізгі валютаға қатысты күшін көрсететін көрсеткіш. Оның құрамына еуро, жапон иенасы, британ фунты, канадалық доллар, швед кронасы және швейцар франкі кіреді.
Бұл қоржында еуроның үлесі басым болғандықтан, индекс динамикасына ең көп әсер ететін де – осы валюта. Сондықтан DXY-дің төмендеуі доллардың ірі экономикалардың валюталарына шаққанда әлсірегенін білдіреді.
АҚШ ВАЛЮТАСЫНА ҚЫСЫМ
Долларға қысым жасаған негізгі фактор – АҚШ пен Иран арасындағы ықтимал дипломатиялық ілгерілеу туралы болжамдар. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен арадағы шиеленіс жақын арада аяқталуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Ақ үй өкілдері де келісімге келу мүмкіндігін жоққа шығармай, тіпті жаңа келіссөздер Пәкістан аумағында өтуі ықтимал екенін айтты.
Алайда BBC хабарлауынша, Иран тарапы негізгі мәселелер бойынша, әсіресе ядролық бағдарламаға қатысты, келіспеушіліктер әлі де сақталып отырғанын жеткізген.