Жемқорлар рейтингі: Соңғы бес жылда 44 әкім сотқа тартылған

Ulysmedia
коллаж Ulysmedia

Finprom зерттеуі бойынша, мемлекеттік органдар арасындағы сотқа тартылған жемқорлар саны бойынша рейтингті әкімдіктер бастап тұр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Талдау Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті ұсынған 2020-2025 жылдарға арналған деректерге сүйенген.Осы жылдары барлығы 5,1 мыңнан астам адам сотта айыпталушы мәртебесіне ие болған, оның ішінде 3,2 мыңға жуығы – мемлекеттік құрылым қызметкерлері.

БЕС ЖЫЛДА 44 ӘКІМ АЙЫПТАЛҒАН

Сыбайлас жемқорлық рейтингісінің көшбасшылары – әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелері. 2020-2025 жылдары бұл органдардан 1 мыңнан астам шенеунік жемқорлық қылмыстары бойынша айыпталып, сот алдында жауап берген. Сонымен қатар осы кезеңде пара алу, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және өзге де қылмыстар бойынша 44 әкім айыпталушы атанған. Бұл көрсеткіштер жергілікті деңгейде бюджет қаражатын, жер телімдерін және басқа да ресурстарды бөлуге байланысты жемқорлық тәуекелдерінің жоғары екенін аңғартады.

Рейтингтің екінші орнында – ішкі істер органдары. Мұнда 912 қызметкер сыбайлас жемқорлық бойынша айыпталған. Үшінші орында – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі, онда 180 қызметкер осындай қылмыспен  ұсталған.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі (146 адам), Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (133 адам), Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі (104 адам) де бұл тізімде бар.

ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСЕТІН ОРГАНДАР ДА «ТАЗА» ЕМЕС

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті деректері көрсеткендей, тіпті жемқорлықпен күресуге тиіс органдардың өзінде де сыбайлас жемқорлық фактілері кездеседі. Мәселен, соңғы бірнеше жылда Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрамындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 5 қызметкері осындай қылмыстар үшін сот алдында жауап берген.

ПАРА АЛМАЙТЫНДАР ДА БАР

Ал жемқорлықтан ада мемлекеттік органдар қатарына бес ведомство кірді: Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметі.

2020-2025 жылдары осы ұйымдардың бірде-бір қызметкері сыбайлас жемқорлық бойынша әшкереленіп, сотқа тартылмаған.

Айта кетейік, рейтинг тек айыпталушы мәртебесін алған және істері сотта қаралған тұлғалардың саны бойынша жасалды. Ал сыбайлас жемқорлыққа күдікті болғандар саны бұдан әлдеқайда көп. 2020-2025 жылдары шамамен 8,4 мың адам жемқорлық қылмыстары бойынша күдікті деп танылған. Жыл сайын мұндай мәртебені 1,3-1,6 мың адам алған.

ЕЛ ЕСІНДЕ ҚАЛҒАН ЖЕМҚОРЛЫҚ ӘРЕКЕТТЕР

Зерттеуде мысал ретінде қылмыстық іспен немесе үкіммен аяқталған 10 ірі жемқорлық жанжал айтылған. Олардың қатарында Өскеменнің бұрынғы әкімі, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің экс-орынбасары Жақсылық Омардың ісі бар. Ол 20 млн теңге көлемінде пара алу және алаяқтық үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда бірінші сатыдағы үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ бұл тізімге «қазақстандық жемқорлық ескерткішінің» авторы атанған «Астана LRT» компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан ісі де енгізілді. Экс-шенеунік сырттай 9 жылға сотталғанымен, жазасын әлі өтей бастаған жоқ. Былтыр мамырда Түркия аумағында ұсталғанымен, бүгінге дейін Қазақстанға экстрадицияланбаған.

Таңдалған резонансты істердің басым бөлігі, әдетте, жоғары лауазымды тұлғаларға – бұрынғы министрлерге, олардың орынбасарларына, әкімдерге және түрлі мемлекеттік мекемелер басшыларына қатысты. Ерекше жағдай ретінде Светлана Жолманова ісін атап өтуге болады. Алматы қаласындағы Медеу аудандық сотының бұрынғы судьясы аса ірі көлемдегі алаяқтық (шамамен 1 млрд теңге) жасағаны үшін айыпталып, ең жоғарғы жаза – 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сот үкіміне сәйкес, ол алдап кеткен 40-тан астам азаматқа келтірілген шығынды өтеуге міндеттелді.

ЕҢ КӨП ҚЫЛМЫС АСТАНАДА

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті деректерін талдай отырып, өткен жылы және 2026 жылдың бірінші тоқсанында тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстары саны тиісінше 23,1%-ға және 9,6%-ға азайғанын байқауға болады. Жалпы, мұндай істер санының қысқару үрдісі қатарынан төртінші жыл байқалып отыр.

Алайда бұл тренд жемқорлық деңгейі төмендеді дегенді білдірмейді. Мәселен, биылғы қаңтар-наурыз айларында Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі базасында 407 іс тіркелсе, 2025 жылы олардың жалпы саны 976-ға жеткен.

Ең көп жемқорлық қылмыстары Астана (124 жағдай) мен Алматы(113 жағдай) қалаларында тіркелген. Үшінші орында – Ақтөбе облысы, мұнда былтыр 65 жемқорлық ісі қозғалған.