«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің шетелдік құдалары Алматыға келді. Жақында Лондонда қызы Алтынайды ұзатқан кәсіпкердің отбасы тойды қазақ жерінде жалғастыруда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АЛТЫБАҚАН ТЕПТІ
Мұхтар Жәкішевтің құдағиы Эне Оби әлеуметтік желідегі парақшасында Алматы сапарынан алған әсерімен бөлісті. Шетелдік меймандар «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортына барып, атқа мініп, садақ атып, алтыбақан тепкен. Сондай-ақ олар келін түсіру сынды қазақтың дәстүрлі жоралғыларына куә болған.
Эне Оби қазақ мәдениеті мен тарихымен жақынырақ танысқанына қуанышты екенін жеткізді. Ол жаңа құдаларының қонақжайлылығына ерекше тәнті болғанын және саяхаттың әлемді тануға зор мүмкіндік бергенін атап өтті. «Алматыға келіп, құдаларымызбен танысқаныма өте ризамын», — деп жазды ол.
АЛТЫНАЙ ЖӘКІШЕВА КІМ?
Айта кетейік, Мұхтар Жәкішевтің қызы Алтынай Лондонда тұрады және модельдік бизнеспен айналысады. Оның әкесі Мұхтар Жәкішев 1998-2009 жылдар аралығында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясын басқарған болатын.
Бұған дейін «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің қызы Лондонда тұрмысқа шыққанын жазған болатынбыз.