Желіде «Қатаң диеталар мен қажытатын жаттығулардан шаршадыңыз ба?» деп басталатын жарнамалар көбейген. Маркетинг шеберлері артық салмақпен алысып жүргендерге арықтаудың жаңа тәсілі – «сиқырлы инелерді» жиі ұсынады. Жаңа тәсіл деуге келмес, пептидтердің медицинада қолданыс тапқанына біраз жылдың жүзі. Алайда Қазақстанда кең сұранысқа соңғы жылдары ғана ие болды.
Арықтауға арналған пептидтер деген не? Олар шынымен артық салмақтан арылуға көмектесе ме, әлде бұл асыра бағаланған кезекті тренд пе? Маманнан сұрадық.
БҰЛ ҚАНДАЙ ҒАЖАЙЫП ДӘРІ?
Дәрігер-эндокринолог, диетолог Алтынай Жүністің айтуынша, пептидтер – тәбетті және зат алмасуды реттейтін ішек гормондарына ұқсас дәрілік препараттар. Олардың әсерін қарапайым мысалмен түсіндіруге болады: асқазан мен ми бір-бірімен «хат алмасады». Тамақтан кейін асқазан «тоқпын» деген сигнал жібереді.Пептидтер осы сигналды күшейтеді. Сондықтан адам аз жесе де тоқ сезінеді.
«Пептидтерге сұраныстың көбеюіне, әсіресе семаглутид пен тирзепатид сияқты препараттардың танымал болуына басты себеп – олардың әсерін адам тез сезінеді. Әдетте арықтаудың ең қиыны – тәбетті бақылау. Ал пептидтердің кейбірі дәл осы жерден көмекке келеді: тамақ туралы ой азаяды, тәттіге деген құмарлық бәсеңдейді. Көп адам үшін бұл – жай ғана физикалық емес, психологиялық жеңілдік», – дейді Алтынай Тұрарқызы.
Десе де, маман тәбет азайса, арықтау процесі автоматты түрде басталмайтынын ескертеді. Пептид тек жағдайды жеңілдетеді – мысалы, артық жеуді азайтады. Бірақ арықтаудың негізгі шарты өзгермейді: ағза жұмсайтын энергия қабылдайтын энергиядан көп болуы керек. Егер адам тамақтану тәртібін өзгертпесе немесе қозғалыссыз өмір сүрсе, ешқандай препарат ұзақ мерзімді нәтиже бермейді.
КІМДЕРГЕ ТАҒАЙЫНДАЛАДЫ?
Алтынай Жүністің айтуынша, пептидтер әдетте семіздік немесе айқын артық салмақ кезінде, қант диабеті немесе инсулинорезистенттілік болғанда, салмақ ұзақ уақыт түспегенде тағайындалады. Ал 5–7 кг ғана артық салмақ кезінде қолдану көп жағдайда медициналық тұрғыдан негізделмейді. Өйткені бұл – косметикалық құрал емес.
«Артық салмақтың себебі әр адамда әртүрлі: гормондық теңгерімсіздік, қалқанша без проблемалары, күйзеліс, ұйқы жетіспеуі. Сондықтан алдымен тексеріс керек.
Дәрігер анализдер қарайды, қауіптерді бағалайды. Содан кейін ғана нақты препарат пен дозаны таңдайды. Пептидтерді өз бетінше пайдалану нәтиже бермеуі мүмкін, кейде тіпті қауіпті», – деп түсіндірді диетолог.
ҚАНША КЕЛІ ТАСТАУҒА БОЛАДЫ?
Клиникалық деректерге сүйенсек, семаглутид дене салмағының шамамен 10–15%-ын, ал тирзепатид 15–20% және одан жоғары мөлшерін азайтуы мүмкін.
«Бірақ пациент мұндай нәтижеге дәрігер бақылауында болғанда, дұрыс тамақтанғанда және қозғалыс болғанда ғана жете алады. Егер өмір салты өзгермесе, препаратты тоқтатқаннан кейін салмақ қайта қосылуы ықтимал. Сондықтан ем ұзақ мерзімді стратегиямен қатар жүруі қажет», – деп ескертті Алтынай Жүніс.
ЖАНАМА ӘСЕРІ ҚАНДАЙ?
Дәрігер пептидтердің жанама әсерін де атап өтті. Мамандар тағайындайтын тексерілген дәрілердің өзі кейде жүрек айну, іштің ауыруы, іш қату немесе диарея, панкреатит тудыруы мүмкін. Ал құрамы күмәнді пептидтерде қауіп әлдеқайда жоғары: гормондық жүйенің бұзылуы, жүрек проблемалары, инфекцияларға әкеліп соғуы ғажап емес.
«Тәжірибеде бұл препараттар арқылы жақсы нәтиже көрсеткен пациенттер бар. Бірақ бұл жай ғана арықтататын дәрі емес, толыққанды медициналық ем екенін есте ұстаған жөн. Пептид – GPS сияқты. Бағыт көрсетеді, бірақ рульді сіздің орныңызға бұрмайды.Сондықтан түптеп келгенде нәтиже тек бір нәрсеге байланысты: сіз өмір салтыңызды өзгертуге дайынсыз ба, жоқ па», – деп түйіндеді эндокринолог.
ПЕПТИДТЕРДІҢ ҚҰНЫ ҚАНША?
Қазақстанда арықтататын пептидтердің орташа бағасын анықтау мүмкін емес. Бір ғана препараттың құны дозасына және жеткізу формасына байланысты құбылып тұрады. Мәселен, қазақстандық қыз-келіншектер арықтау үшін қолданып жүрген ең танымал пептид – «Оземпиктің» (семаглутид) Алматыдағы ең төменгі бағасы – 46 мың теңге болса, ең жоғарғысы – 120 мың теңгеден асып жығылады.
Айталық, 0,25 – 0,5 мг дозадағы шприц-қалам құны – 47 000 – 77 000 теңге аралығында болса, 1 мг дозадағы шприц-қалам 46 000 теңгеден бастап 95 000 теңгеге дейін сатылып жатыр. Кейбір сайттарда баға одан да жоғары: 3 шприц-қалам жиынтығы – шамамен 600 доллар.
Фармацевт мамандар бағаның айырмашылығы бірнеше факторға байланысты екенін айтады. Дозасы мен қаптамасы, дәріхананың қайда орналасқаны, қалай қызмет көрсететіні де препарат құнына әсер етеді. Сондай-ақ, жеткізілім мен тапшылықтың ықпалы көп. Бұл препараттарға сұраныс жоғары. Сатылымда шектеулі ғана мөлшері қалса, дәріханалар бағаны өсіріп отырады. Ал күмәнді сайттарда «пептид» деп сатылатын өнімдер анағұрлым арзан болуы мүмкін. Бірақ мамандар олардың сапасы дәлелденбегенін, құрамында не бары белгісіз екенін ескертеді. Тіпті, 2024 жылы ДДСҰ жалған «Оземпик» препараттарының әлем бойынша таралып жатқанын, олар заңды нарыққа да кіріп кеткенін айтып дабыл қаққан.
4,5 МЫҢ АДАМ КӨЗ ЖҰМДЫ
Қазақстанда енді ғана танымал болған бұл препараттар Батыс елдерінің медицинасында 2000 жылдардың басынан бері қолданылады. Бастапқыда қант диабетін емдеу үшін тағайындалса, кейін артық салмақпен күресте де тиімділігі дәлелденді. Алайда пайдасынан бөлек, зиянын көрушілер де аз емес. Мәселен, былтыр «Оземпикті» шығаратын Novo Nordisk компаниясына қарсы 1200-ден астам іс қозғалып, талап етілген өтемақы көлемі 2 млрд доллардан асып жығылған. Науқастар препараттың ауыр жанама әсерлеріне – асқазан жұмысының баяулауы (гастропарез), тоқтаусыз жүрек айну мен құсу, сондай-ақ көру қабілетінің нашарлауына шағымданған.
Арықтаймын деп өмірінен айырылғандар да аз емес. АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмектерді бақылау басқармасының (FDA) ресми дерегінше, 2018 жылдан 2024 жылдың басына дейін GLP-1 тобына жататын препараттарды («Оземпик», «Вегови», «Трулисити» және т.б.) қолдануға байланысты 4 406 өлім жағдайы тіркелген. Ұлыбританияда MHRA агенттігі 2025 жылдың қаңтарына дейін дәл осындай себеппен тағы 82 адам көз жұмғанын мәлімдеген.
Өкініштісі, ТМД елдерінде мұндай статистика ашық жарияланбайды. Елімізде аталған препараттардың нақты қанша адамның өмірін қиғанын анықтау мүмкін емес. Әсіресе, санкциялар мен тапшылықтан кейін дәрілерді көлеңкелі нарықтан іздеушілердің көбейгенін ескерсек, «ғажайып инелер» қанша адамды денсаулықтан айырғанын болжаудың өзі қиын.