Бірнеше күннен бері танымал кәсіпкер Мұхтар Жәкішевтің қызы Алтынайдың шетел азаматына тұрмысқа шығуы қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушыларының бір бөлігі қолдаса, енді бірі оған қарсы пікір айтуда. Айтылған сынға қатысты Жәкішевтің өзі пікір де білдірді.
Мұхтар Жәкішев деген кім? Ол қалай және қашан танымалдыққа ие болды? Жүріп өткен жолы қандай?
«ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІПТІ» 10 ЖЫЛ БАСҚАРҒАНҒА ДЕЙІН...
Мұхтар Жәкішев 1963 жылы 28 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. 1986 жылы Мәскеу инженерлік-физикалық институтын тәмәмдаған. 1992-1996 жылдары кәсіпкер Болат Әбіловтің «Butya» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің («Butya-Impex») бас директоры, сондай-ақ «Butya-Қазақстан» акционерлік қоғамының президенті болды.
Сонымен қатар, әртүрлі жылдары «Фёст-Альпине-Қазақстан» бірлескен кәсіпорнының Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы өкілетті өкілі (1995), «Заңғар» акционерлік қоғамының президенті (1996–1997), «Қант орталығы» холдингінің президенті (1997) қызметтерін атқарды. 1997–1998 жылдары «Алаутрансгаз» акционерлік қоғамының бас директоры әрі президенті болды.
1998-2009 жылдары аралығында мемлекеттік «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының президенті қызметін атқарды. Осы кезеңде 2001 жылдың қазанынан 2002 жылдың ақпанына дейін Энергетика және минералдық ресурстар министрінің орынбасары лауазымын атқарды.
ВЕНАДАҒЫ БӨЛІМШЕ ЖӘНЕ ШОРАЗДАР ОТБАСЫ
2010 жылы Мұхтар Жәкішевтің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Оған «бөтен мүлікті иемдену, алаяқтық жасау, құжаттарды қолдан жасау және қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану» баптары бойынша айып тағылды. Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты кінәлі деп танып, 14 жылға соттады.
2010 жылы КазТаг агенттігі Жәкішева қандай айып тағылғанын былай тарқатады:
- Бұған дейін ұлттық компанияның бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев ірі көлемде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ұйымдасқан топ құрамында иемденді деген айып тағылғаны хабарланған болатын.
Тергеу нұсқасы бойынша, 2003 жылы Жәкішев қызметтік қажеттілік болмаса да, Халықаралық атом энергиясы агенттігімен (МАГАТЭ) өзара іс-қимыл жасау сылтауымен «Қазатомөнеркәсіптің» Венадағы өкілдігін ашқан.
Өкілдіктің басшысы және қызметкерлері ретінде Қазақстанның Австриядағы елшілігінің қызметкерлері немесе олардың жақын туыстары рәсімделген. Бас прокуратураның мәліметінше, әр жылдары өкілдік директоры қызметіне елшілік қызметкері Эльнара Шоразованың анасы мен бұрынғы елші Рахат Әлиев жақын адамдарының бірі саналатын Вадим Кошляктың жұбайы ресми түрде тағайындалған, – делінген.
Тергеу дерегіне сәйкес, Венадағы өкілдікті ұстауға арналған түрлі шығындар ретінде қаражат есептен шығарылып отырған. Соның салдарынан 2003 жылдың шілдесі мен 2007 жылдың қыркүйегі аралығында ұлттық компаниядан 99 млн 763 мың 961 теңге жымқырылған деп есептеледі.
Эльнара Мұратханқызы Шоразова - Австрия азаматы және марқұм қазақстандық саясаткер Рахат Әлиевтің екінші жұбайы. Ол бұған дейін Әлиевтің қарамағында қызмет атқарған. Дариға Назарбаевамен ажырасқаннан кейін, Рахат Әлиев пен Эльнара Шоразова 2009 жылы некеге тұрған. Бұл отбасында бір ұл дүниеге келген. Үйленгеннен кейін Рахат Әлиев ресми түрде жұбайының тегін қабылдап, Рахат Шораз болып кеткен.
Мұхтар Жәкішевтің өзі тағылған айыптарды мойындамады. Істің саяси астары барын айтты.
Кәсіпкерлер мен құқық қорғаушылар ұзақ жылдар бойы оны босатуды талап етті. 2013 жылы қазақстандық құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқындар» тізіміне кіргізді. 2015 жылы қарашада БҰҰ адам құқықтары жөніндегі комитеті тергеу мен сот кезінде Мұхтар Жәкішевтің құқықтары бұзылған деп танып, Қазақстан билігін Жәкішевтің үкімін жойып, ісін қайта қарап, өзін түрмеден босатуға үндеді. Қазақстан БҰҰ комитетінің шешімін орындаудан бас тартты.
«БҰЙРЫҚТЫ НАЗАРБАЕВ БЕРДІ»
Кәсіпкер 2023 жылы «Азаттық» радиосына берген сұхбатында өзін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев қаматқанын айтты.
– «Пара алды» деген айып 2007 жылдан бері тағыла бастады. 2009 жылы тергеу болғанда, 2007 жылы бұл фактілер тексеріліп, расталмағанын айттым. Парламентке премьер-министрдің қолы қойылған жауап жіберілген еді. «Премьер-министр қол қойған хаттың күшін жойдыңдар ма?» деп сұрадым. – «Жоқ». – «Онда не хаттың күшін жойыңдар, не жаңа айыптау ойлап табыңдар» дедім. Сондықтан олар бір жүйелерді жеткізумен айналысты деген айыптау ойлап тапты. Бұл туралы ақпарат құпия сақталатындықтан, мен ол жүйенің атын да білмейтінмін. Өзім білмейтін нәрсені қалай жеткіземін?! Бірақ бұйрықты бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев бергені белгілі. Оның бұйрығынсыз ештеңе болмас еді. Бұл шешімге не себеп болғанын айту қиын. Оның өзінен сұрау керек, – деген Жәкішев сұхбатында.
ӘБЛЯЗОВ, ӘЛИЕВ, НАЗАРБАЕВА
Мұхтар Жәкішев өзінің қамалуын оппозициялық саясаткер, БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовпен де байланыстарады. Ол банкир қамауда отырғанда биліктен оны босатуды сұрағанын айтады. Әлязовпен жақын дос болғанын да жоққа шығармайды.
– Түрмеге жабуға себеп көп болды. [БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар] Әблязовты босатуды сұрадым, Ресейге ыңғайсыз тұлға болдым. Мені қамауға алғаннан кейін бұрын рұқсат берілмеген көп жоба қабылданып кетті. Мәселен, үкіметаралық келісім бойынша, біз өз кен орнымыздан Ресейге үлес беріп, ал біз көрші мемлекеттегі кен байыту кәсіпорындарының акциясына ие болуымыз керек еді. Бірақ Ресей өз уәдесін орындамады. «Қазатомөнеркәсіптің» менен кейінгі басшылығы бұған қыңқ еткен де жоқ, – деді Жәкішев сұхбатында.
Бұдан өзге, Мұхтар Жәкішев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевпен бала кезінен дос болғанын да жасырмайды. Ол тіпті «Гиперборей» You Tube арнасына берген сұхбатында Рахат Әлиевті Дариға Назарбаевамен өзі таныстырғанын айтқан.
– 1983 жылы олар қазан айында үйленді. Нұрсұлтан Назарбаев ол кезде Қазақстан Компартиясы ОК өнеркәсіп жөніндегі хатшысы болған. Үйлену тойында күйеужолдас болдым, – деген Мұхтар Жәкішев.
ҚАЙЫН АТАСЫ БІШКЕКТЕГІ БАЗАР ҚОЖАЙЫНЫ
Мұхтар Жәкішевтің бірінші әйелі Жәмила Алкановадан төрт қыз, бір ұлы бар. Кәсіпкер бірінші әйелімен 2013 жылы заңды түрде ажырасқан.
Жәмила Алканова қырғызстандық кәсіпкер Райкан Алкановтың қызы. Ол 2014 жылдары Қырғызстанның ең ықпалды ТОП-100 кәсіпкерінің қатарына енген. Бішкектегі ең ірі жабық базардың қожайыны болған. “Алканов және компания”, президенті және “Деловой совет ЕВРАЗЭС - Кыргызстан” қауымдастығының басқарма төрағасы. 2014 жылы қазанда Қырғызстанда Райкан Алкановтың пышақ жарақатымен ауруханаға түскені туралы ақпарат тараған.
ЖӘКІШЕВТІҢ ЕКІНШІ ӘЙЕЛІ
Мұхтар Жәкішев 11 жыл қамаудан кейін 2020 жылы 19 наурызда Семей қаласындағы колониядан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды.
Мұхтар Жәкішев журналист Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында екінші жұбайы Динара туралы алғаш рет ашық айтты. Жәкішевтің сөзінше, ол бірінші әйелі Жәмиләмен 2013 жылы, түрмеде жазасын өтеп жүрген кезде ажырасқан.
«Ол кездегі ажырасу белгілі бір тұрмыстық қиындықтарға байланысты болды. Балалардың шетелге шығуы, сенімхат рәсімдеу сияқты мәселелер туындады. Мен ұзақ уақыт оқшауландым. Бұл көптеген қиындықтар әкелді. Біраз уақыттан кейін бөлек тұру туралы шешім қабылдадық», – деді ол.
Оның айтуынша, бостандыққа шыққан кезде өзін екі әйелі – Жәмилә мен Динара қарсы алған. 2023 жылы екінші некесінен қыз бала дүниеге келгені туралы айтылған.
Динара оның өмірінде қылмыстық қудалауға дейін пайда болған болды ма, әлде одан кейін бе, ол жағы белгісіз. Ал Жәмилә Жәкішеваның Мұхтар Жәкішевті қамауда болған жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді қорғағаны белгілі. Алайда оның Динараның бар екенін білген-білмегені жөнінде нақты ақпарат жоқ.