Қазақстанда геология институты қалыптаспаған – сарапшы

Ulysmedia
Коллаж Ulysmedia

Қазақстанда бриллианттың қымбат болуы – елде ірі әрі сапалы асыл тас қорының жоқтығымен байланысты. Ақмола облысында алмас бар, бірақ көлемі ұсақ болғандықтан зергерлікке жарамсыз. Сондықтан нарық импортқа тәуелді, ал бағаға валюта мен жеткізу шығындары әсер етеді.

Геммолог Әлімхан Омаровтың айтуынша, Қазақстанда асыл тасты зерттеу саласы әлі толық дамымаған. Ulysmedia.kz сала маманымен сөйлесіп көрді. 

НАРЫҚТА МАМАНДАР АЗ

Бағалы тастар сарапшысы, геммолог Әлімхан Омаровтың бұл салада жүргеніне 20 жыл болған. Оның айтуынша, Қазақстанда асыл тастар нарығында жұмыс істейтін мамандар өте аз – шамамен екі-үш адам ғана. Олардың өзі қазір елде емес: бірі Америкада, бірі Гонконгта жұмыс істейді. Ал кейбірі Қазақстанда болуы мүмкін.

Олар бір-бірімен үнемі байланыста, себебі асыл тастар нарығы өте жылдам дамып келеді. Мысалы, мен Африкада – Мозамбикте, сондай-ақ Ауғанстан мен Пәкістанда болдым. Сол жақтан әкелген кейбір тастарды Африкада 30-40 жыл бойы осы іспен айналысып жүрген адамдардың өзі бұрын көрмеген, тіпті атауын да білмейді,– дейді геммолог.

Әлімхан Омаровтың пікірінше, қоғамда «асыл тас» және «жартылай асыл тас» деген ұғым бар. Бірақ бұл дұрыс емес түсінік. Мысалы, Параиба турмалины деген тас бар. Ол алғаш Бразилияда табылған, сондықтан солай аталған. Бұрын бұл тас өте арзан болған – шамамен 25-30 доллар. Ал қазір бір карат үшін 12-15 мың доллар, ал сапасы жоғары болса, бағасы 20-40 мың долларға дейін жетеді.

Тағы бір маңызды жайт: бір үлкен кристалдан бірнеше тас (бриллиант) жасауға болады. Кейін олар зертханада тексеріліп, әрқайсысына сертификат беріледі. Мысалы, VVS1, VVS2 сияқты сапа көрсеткіштері анықталады. Әр тастың өзіне тән сапасы, түсі және жарқырауы болады. Бұл жарықтың түсуіне де байланысты өзгереді,– дейді маман.

ӘР ҚАЛАДА 20-30 ЦЕХ БАР

Ал Қазақстанға келсек, бізде табиғи асыл тастар өте аз. Саны да аз және сапасы да жоғары емес.

Қазақстанда зергерлік цехтар көп – әр қалада шамамен 20-30-дан бар. Олар негізінен алтын, күміс, платина сияқты металдармен жұмыс істейді. Сатып алушы келген кезде, табыс табу үшін әртүрлі тас ұсынады. Қазір түрлі түсті тастар көбейген, себебі интернет арқылы бәрін табуға болады. Бірақ кейбіреулер тастарға өздері берген құжаттарды ұсынады, бұл дұрыс емес. Барлығы заңмен реттелуі керек, адамдар нақты ақпарат алуы тиіс,– дейді асыл тас сарапшысы.

ҰЗАҚ ИНВЕСТИЦИЯ ТАЛАП ЕТЕТІН САЛА

Әлімхан Омаров жас кезінде геолог болғысы келіпті.

Бізде геология бойынша білім алу мүмкіндігі шектеулі. Алматыда оқыдым, бірақ мұнда дәл геология факультеті жоқ. Жалпы, Қазақстанда да, Қырғызстанда да, Өзбекстанда да ондай деңгейдегі факультеттер жоқ. Бұл бағыт негізінен Ресейде ғана дамыған. Сондықтан бұл саланың деңгейін бізде де көтеру қажет. Мысалы, Ауғанстан туралы барлығымыз дамуы артта қалған ел деп ойлаймыз. Бірақ ол жақта адамдар бірнеше тіл біледі және асыл тастарды өте жақсы таниды. Халықтың шамамен 80%-ы түрлі тастарды оңай ажыратады,– дейді маман.

Айта кету керек, Кеңес кезінде Қазақстанда дербес ғылыми институттар көп болды. Бірақ геология – ұзақ инвестиция талап ететін сала, бірден пайда әкелмейді. Сондықтан қаржыландыру қысқарып, оқу бағдарламалары да әлсіреді. Қазір геология жеке институт емес, көбіне университет құрамында оқытылады.

Геммологтың айтуынша, Қазақстанда да топаз, турмалин, гранат сияқты түрлі тастар бар. Дегенмен олардың сапасы жоғары деңгейде емес. Мысалы, бізде альмандин гранаты бар, бірақ сапасы төмендеу. Радолит те бар, бірақ ол да аса сапалы емес. Ал топаз бен турмалиннің түрлері көп кездеседі.