Арқалық қалалық соты жергілікті тұрғын, «Aрайлы Арқалық» YouTube арнасының авторы Қанат Әлімбаев қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Оқиғаның мән-жайы
Tobolinfo басылымының жазуынша, ер адам әйелдердің жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстарға қатысты Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танылған.
Сот оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Қанат Әлімбаевтың ұсталғаны биылғы сәуір айында белгілі болған. Сол кезде Қостанай облысы полиция департаменті қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ер адам кейбір әйелдерге қарыз ақша беріп, кейін олардан интимдік жақындық талап еткен. Полицияның мәліметінше, әйелдер бас тартқан жағдайда ол жыныстық сипаттағы заңсыз әрекеттер жасаған.
Қандай баптар бойынша айып тағылды?
Іс материалдарына сәйкес, Қанат Әлімбаевқа бірден бірнеше ауыр бап бойынша айып тағылған:
ҚК-нің 120-бабы – «Зорлау»;
ҚК-нің 121-бабы – «Сексуалдық сипаттағы күш қолдану әрекеттері»;
ҚК-нің 123-бабы – «Жыныстық қатынасқа немесе өзге де сексуалдық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеу».
22 мамыр күні сот оны тағылған айыптар бойынша кінәлі деп таныды.
Қорғау тарапы апелляциялық шағым түсірген. Қылмыстық істің толық мән-жайы әзірге жарияланған жоқ. Материал жарияланған сәтте сот актісі ашық қолжетімді дереккөздерде болмаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, іс жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстарға қатысты болғандықтан, сот процесі жабық режимде өткен болуы мүмкін.