Қонаевта Алмасбек Садырбайдың соты басталды

Ulysmedia
ulysmedia.kz коллажы

Қонаев қаласында кәсіпкер әрі белсенді Алмасбек Садырбайға қатысты сот процесі басталды. Алғашқы сот отырысы 9 сәуірде өткен. Оның өзі сотқа жеткізілмеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Адвокат Анар Құсайынованың айтуынша, ол бірнеше өтінішхат түсірген. Онда ол істі Талдықорған қаласының сотына беруді және Садырбайды қамаудан босатуды сұраған.

– Қонаев қалалық сотының қаулысы19 наурыз күні шыққанына қарамастан, ол құжат сот кабинетінде тек 31 наурызда ғана пайда болды. Екіншіден, сот бұрын қолданылған бұлтартпау шарасын күшінде қалдыру және қажет болған жағдайда оны ұзарту туралы көрсеткен. Алайда тергеу соты Алмасбек Садырбайға қатысты санкцияны 2026 жылғы 19 наурыз күні сағат 21:39-ға дейін ғана белгілеген. Қонаев соты дәл осы санкцияны өзгеріссіз қалдырған, ал ол сол кештің 21:40-ында күшін жойған. Бұлтартпау шарасын ұзарту туралы басқа ешқандай сот қаулысы шығарылған жоқ! – деп жазды Анара Құсайынова.

Алмасбек Садырбай бір жарым жылдан бері қамауда отыр. Оған ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, алаяқтық жасады және ақша жымқырды деген айыптар тағылған. Тергеу нұсқасы бойынша, 2021–2024 жылдар аралығында Садырбай басқа адамдармен бірге жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрып, шамамен 1,2 млрд теңге көлемінде субсидияны заңсыз иеленген.

Алмасбек Садырбайдың өзі кінәсін мойындамайды. Бұған дейін ол билікке жүгініп, бұл істің өзінің қоғамдық қызметімен және фермерлерді қорғау әрекеттерімен байланысты екенін айтқан.

– Мен қамауға алынғаннан кейін Алматы облысының прокуратурасы БАҚ арқылы менің Алматы қаласында алты элиталық пәтерім тәркіленді деген жалған ақпарат таратты. Бұл шындыққа жанаспайды. Мен әділдік сұраймын. Мен кешірім емес, тек шындыққа деген құқығымды талап етемін, – деген еді ол.

КОНТЕКСТ

Алмасбек Садырбай – фермер және азаматтық белсенді. Ол «Шаңырақ» бірлестігін және Shopan-ata қой өсірушілер қауымдастығын басқарған. 2024 жылдың қараша айында ұсталған.