Қазақстанда мүгедектерді жұмысқа орналастыру квотасы екі есеге артады

Ulysmedia
Фото: pexels

Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмыспен қамту бағытында жаңа шаралар қолға алынып жатыр. Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев инклюзивті еңбек нарығын дамытуға басымдық берілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта еңбекке қабілетті 413,7 мың мүгедектігі бар азаматтың 110,8 мыңы жұмыспен қамтылған. Өткен жылы 25 мыңнан астам адам жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шараларымен қамтылып, оның ішінде 8,1 мың азамат квота аясында жұмысқа тұрған. Жұмыспен қамту көрсеткіштері бойынша Ұлытау және Қарағанды облыстары алда келеді.

Биыл бұл бағыттағы жұмыстар күшейтіледі. Атап айтқанда, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды жұмысқа орналастыру квотасын орындауды бақылау үшін ұйымдардың цифрлық тізілімі әзірленеді. Сонымен қатар, жұмысқа орналастыруға дейін азаматтарды сүйемелдейтін цифрлық жұмыспен қамту қызметі енгізілмек.

Жоспар бойынша, 2026 жылы квота арқылы жұмыспен қамтылатын азаматтар саны 17 мыңға жуықтайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп.

Министрлік сондай-ақ әлеуметтік жауапкершілігі жоғары жұмыс берушілердің үздік тәжірибесін кеңінен таратуға ниетті. Бұл басқа кәсіпорындарға үлгі болып, инклюзивті жұмыспен қамтуды дамытуға серпін береді.