2026 жылғы 24 ақпан мен 6 наурыз аралығында Demoscope бюросы Қазақстандағы билікке деген сенім және қоғам пікірін зерттеу мақсатында сауалнама жүргізді. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 85,4%-ы елде өзгерістер қажет деп санайды. Олардың ішінде 71,6%-ы ауқымды реформаларды қолдайтынын білдірген. Ал сауалнамаға қатысқандардың тек 10,7%-ы қазіргі жағдайдың өзгеріссіз қалғанын қалайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сенім деңгейі
Соңғы бір жылда билікке деген сенім айтарлықтай өзгермеген. Сауалнамаға қатысқандардың 50,3%-ы өз көзқарасы сол күйінде қалғанын айтқан. Ал 23,4%-ы сенімі артқанын білдірсе, 19,7%-ы керісінше төмендегенін жеткізген.
Ең жоғары қолдау ел Президентіне тиесілі — 61,3%. Дегенмен, 17% азамат оған сенім білдірмейтінін айтқан. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда төмендеген (ол кезде 69,4% болған).
Әкімдіктерге халықтың жартысы (50,2%) сенім артса, шамамен 29,8%-ы сенбейтінін білдірген. Үкіметке 47,4% респондент оң көзқарас танытқан, ал 27,7%-ы кері пікірде.
Құқық қорғау органдарына сенім білдіргендер — 46,8%, сенбейтіндер — 32,5%.
Ал ең төменгі сенім деңгейі Парламент пен сот жүйесінде тіркелген. Оларға тиісінше 40,5% және 43,7% ғана сенеді, ал респонденттердің үштен бірі бұл институттарға сенімсіздік танытқан.
Жас ерекшелігі бойынша
Сауалнама нәтижесі бойынша билікті қолдайтын негізгі топ 18–29 жас аралығындағы жастар. Ал сенім деңгейі ең төмен көрсеткіш 50–59 жастағы азаматтар арасында байқалған.
Мәселен, 18–29 жас тобында Президентке 72,5%, Үкіметке 59,4% сенім білдірген. Ал 50–59 жас аралығында бұл көрсеткіштер айтарлықтай төмен – 51,2% және 35,4%.
Сонымен қатар, респонденттердің 20%-дан 28%-ға дейінгі бөлігі нақты жауап беруге қиналған. Бұл жағдай қоғамда өз пікірін ашық айтуға деген сақтық барын көрсетеді.
Цензура
Сауалнама деректеріне сәйкес, қазақстандықтардың жартысынан астамы (56,1%) билікті ашық сынға алудан қауіптенеді. Оның ішінде 28,5%-ы пікір айту мүлде қауіпті деп есептейді, ал 27,6%-ы мұндай сын қысымға немесе сотқа дейінгі мәселелерге әкелуі мүмкін деп санайды.
Елдің даму бағыты
Сондай-ақ, азаматтардың мемлекеттік шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі де қарастырылды. Респонденттердің 47%-ы қарапайым халық билік қабылдайтын шешімдерге нақты әсер ете алмайды деп есептейді.
Елдің даму бағытына қатысты пікірлер әртүрлі. Қатысушылардың 44,6%-ы Қазақстан дұрыс бағытта дамып келеді деп санайды, тағы 27,8%-ы бұл бағытты «көбіне дұрыс» деп бағалаған. Ал 18,7%-ы ел дұрыс бағытта жатқан жоқ деп есептейді.