Қазақ тілі олимпиадада алғаш рет жұмыс тілі ретінде қолданылды

Ulysmedia
Фото: ЖИ

Азиаттық-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасында қазақ тілі алғаш рет халықаралық пәндік олимпиаданың жұмыс тілі ретінде қолданылды. Бұл – мемлекеттік тіліміздің жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігіне ықпалдасуының маңызды қадамы, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯ ҚҰРАЛЫ

Оқу-ағарту министрлігінің айтуынша, олимпиада барысында тапсырмалар мен олардың ресми шешімдері ұйымдастырушылардың платформасында қазақ тілінде жарияланды. Осылайша, қазақ тілінің халықаралық академиялық коммуникация құралы ретіндегі әлеуеті іс жүзінде дәлелденді.

ОЛИМПИАДА ТУРАЛЫ АҚПАРАТ

APLO-2026 олимпиадасы Азиаттық-Тынық мұхиты елдері Қазақстан, Қытай , Жапония, Малайзия, Корея Республикасы, Сингапур және Таиландтан келген 300-ге жуық дарынды оқушыны біріктірді. Аталған зияткерлік жарыс – дарынды жастарды анықтауға және оларды Халықаралық лингвистикалық олимпиадаға даярлауға бағытталған беделді алаң.

Қазақстан құрамасы бұл олимпиадаға үшінші рет қатысып отыр. Биыл ел намысын 8 оқушы қорғады. Нәтижесінде қазақстандық оқушылар 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Сонымен қатар, 4 қатысушы Құрмет грамотасымен марапатталды.