Астанада «Көркем 3» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлері өртеніп, өрімдей үш баласынан айырылған отбасы жайлы жаңа деректер анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ
ҮЙДІҢ ТҰҢҒЫШЫ ЕРЕКШЕ БАЛА БОЛҒАН
Өрттен кейін БАҚ-та тараған ақпараттарда балалардың үлкені 13 жаста, ортаншысы 5-те деп көрсетілген еді. Ал Ulysmedia.kz редакциясына түскен құжат бойынша балалардың үлкені – Айзере Қабылқазықызы Ұйымхан күзде 12 жасқа толуы тиіс болған. Ал ортаншы қызы – Айпара Қабылқазықызы қайғылы оқиға болмаса 13 сәуірде 4-ке толар еді. Отбасының кенжесі – Арлан Ұйымхан небәрі 2 жаста болған.
Үш бала да Шығыс Қазақстан облысында туған. Үйдің тұңғышы ерекше бала болған. Оны ашық дереккөздерден редакция тапқан видеолардан аңғаруға болады. Қыз бала телефон экранына ұзақ уақыт телміріп, ерекше балаларға тән қимылдар жасап тұрған видеоларын түрлі әуенмен өңдеп, желіге жүктеген. YouTube платформасына баланың видео жариялап жүретінін ата-анасы білмеуі де мүмкін.
ҚЫТАЙДАН КЕЛГЕН ҚАНДАСТАР
Ашық дереккөздерде балалардың әкесі Қабылқазы Ұйымхан мен анасы Жанаргүл Қожамкей Қытайдан көшіп келген қандастар екені көрсетілген. Отбасы ұзақ уақыт ШҚО-да тұрып, кейін Астанаға қоныс аударған.
39 жастағы Жанаргүл Қожамкей – журналист. С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың журналистика факультетінде оқыған. Студент кезінде азаматтық позициясын ашық білдіріп, қоғамдық іс-шараларға белсене қатысыпты.
Мәселен, сонау 2011 жылы «Жаңаөзендегі ереуілді оралмандар ұйымдастырды» деген мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген:
«Біздің билік неге қит ете қалса қара халықты, оралмандарды кінәлай береді?! Себебі олар халықтың аузы бар сөйлемесін, көзі бар көрмесін деген қылықпен жар салатындығында. Өзге түгілі өзін сидырмай жатқан мұндай қылықтар қазақ елін қайда апарары белгісіз. Халық айтса қалт айтпайды дейді атам қазақ. Ақиқатына келсек өз еліне қиыншылықпен зорға жеткен қандастарымыз туралы бұлай айтудың өзі артық. Бұл істің басы-қасында болып, ұйымдастырып жүрген азаматтардың арандатушылығы ма деп те ойлайсың. «Оралмандар» деп жалпыға топырақ шашпағаны жөн болар біздің ресми тұлғаларымыздың», – депті («Оралман тағдыры билікке ойыншық болғаны ма?». Abai.kz).
Тағы бір басылымда оның Өскемендегі оралмандар форумында мінберден сөз сөйлегені жазылған.
Алайда Астанаға қоныс аударған соң Жанаргүл журналистикамен де, қоғамдық жұмыспен де айналыспаған. Саудаға көшіпті. Онлайн дүкен ашып, аяқ киім сатқан.
Дүкеннің Instagram парақшасын белсенді жүргізген келіншек өзінің жеке парақшасына 2021 жылдан кейін ештеңе жүктемеген. Оған дейін жариялаған контентінің дені – тұңғышының суреттері.
ӘЙЕЛДІҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ?
Дәрігерлер жансақтау бөлімінде жатқан Жанаргүлдің жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Травматолог-дәрігер Марат Сабировтың айтуынша, науқасқа денесінің 50–55 пайызын қамтыған II–III дәрежелі термиялық күйік, түтін мен ыстық ауа жұту салдарынан зақымдану, II–III дәрежелі күйік шогы диагноздары қойылған.
– Қазіргі уақытта науқас есін біледі, дәрігерлердің нұсқауына жауап береді. Қажетті дәрі-дәрмекпен ем көрсетіліп жатыр. Тыныс алуы жасанды өкпе желдету аппараты арқылы қамтамасыз етілген. Жүрек соғысы мен қан қысымы тұрақты, – деді Марат Сабиров.
БАЛАЛАРДЫҢ ӘКЕСІ ҚАЙДА?
Өрт болған күні балалардың әкесі үйде болмаған еді. Кейін көршілері оның көшеде жылап тұрғанын айтқан еді. Екі күннен соң ақпарат құралдарында Қабылқазы Ұйымханның үш баласын жер қойнына тапсырып жатқан суреттері тарады.
Ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша, Қабылқазы Ұйымхан – кәсіпкер. Оның атына екі компания тіркелген: ЖК «УЙЫМХАН ҚАБЫЛҚАЗЫ » және «CRANE SERVICE» ЖШС. Safedeal.kz дерегінше, автокөлік бөлшектері, тораптары мен керек-жарақтарын сататын жауапкершілігі шектеулі серіктестік 2025 жылы 4,8 млн теңге, ал биыл жыл басынан бері 1,7 млн теңге салық төлеген.
ӨРТ СЕБЕПТЕРІ НЕГЕ ӘЛІ АЙТЫЛМАДЫ?
Өрттен бері 10 күн өтсе де төтеншеліктер оқиғаның себебін әлі жариялаған жоқ. Өзге жағдайларда 1-2 күнде-ақ өрттің алдын-ала себебі айтылатын. Астана қаласының төтенше жағдайлар департаментінен мән-жайды сұрадық.
«Өрттің себебі қазір анықтала қоймайды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалды. Соның қорытындысы шыққаннан кейін ғана жариялай аламыз. Күнделікті болатын өрт оқиғаларында біздің өрт зертханасының мамандары нысанды тексерген бойда алдын-ала себептерін анықтай алатын. Бұл күрделі жағдай. Қазір қылмыстық іс жүргізіліп жатқандықтан, артық ақпарат таратуға құқығымыз жоқ», – дейді ТЖД баспасөз қызметі.
Күрделі іс екені рас. Күтейік. Сараптама қорытындысы шыққанда төтеншеліктер мен полицейлер шындықты бүгіп қалмас деп үміттенейік. Өйткені бейкүнә үш баланың өмірін жалмаған жалынның қалай тұтанғанын білуге қоғамның қақы бар.
ЕСКЕ САЛУ
12 сәуірге қараған түні Астана қаласындағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерден өрт шықты.
Анасы мен үш бала жанып жатқан пәтерде қамалып қалған. Көршісі қабырғаның арғы жағынан шыққан дыбысты естіп, өрт сөндірушілерді шақырған.
Құтқарушылар үш баланың мәйітін тапты, ал олардың аналары ауыр күйікпен ауруханаға жеткізілді.
Жоғарғы қабаттардан өрт сөндірушілер шамамен 20 адамды эвакуациялады, тағы 40-қа жуық тұрғын өз бетімен шыққан.
Полиция департаменті бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Сондай-ақ, бұдан бұрын өрт сөндірушілердің аулаға кіруіне кедергі келтірген көлік иесі әкімшілік жауапқа тартылған болатын.
МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ