Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы мемлекетаралық несие есебінен қаржыландырылуы мүмкін. Консорциум жетекшісі ретінде «Росатом» таңдалған. Жоба құнының 85%-ын Ресей несие ретінде беруі ықтимал. Бұл туралы Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АЭС САЛУ 15 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР
Сәтқалиевтің айтуынша, қазіргі уақытта үкіметаралық келісім әзірленуде. Бірі – атом электр станциясын салу туралы, екіншісі – Ресей тарапынан қаржыландыруды ұсыну жөнінде.
«Ресей Федерациясы тарапынан қаржыландыру қарастырылып жатыр, оның 85%-ы несие түрінде, ал 15%-ы Қазақстан үкіметінің үлесі болады», – деді ол.
Сонымен қатар, нақты жоба құны тек толық аяқталғаннан кейін белгілі болатынын айтты. Дегенмен, алдын ала есеп бойынша, қуаты 1200 мегаваттық екі блоктың құны шамамен 15 миллиард долларды құрауы мүмкін.
ЖАҢА ХОЛДИНГ ҚҰРЫЛАДЫ
Сәтқалиев сондай-ақ барлық станцияларға иелік ететін және атом электр станцияларын сервистік қызметпен қамтамасыз ететін компанияны басқаратын «тиімді ұлттық холдинг» құру жоспарланып отырғанын жеткізді.
«Бұл атом энергетикасын дамытуға және жергілікті қамтуды арттыруға бағытталған әртараптандырылған компания болады», – деп атап өтті ол.
Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы бойынша консорциумның көшбасшысы ретінде «Росатом» таңдалды. Атом саласын дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия компанияның шарттарын ең тиімді әрі оңтайлы деп таныды.
КОНТЕКСТ
Айта кетейік, Ресей Қазақстанда үш көмір жағатын жылу электр орталығын – Семей, Өскемен және Көкшетау қалаларында салуы тиіс болған. Бұл келісімге 2024 жылы қол қойылған. Алайда кейін Ресей тарапында қаржыландыруға қатысты қиындықтар туындағаны белгілі болды. 2024 жылдың шілдесінде Қазақстан бұл ЖЭО-ларды «Самұрық-Энерго» есебінен өз бетінше салатынын мәлімдеді. Ал биыл сәуір айының басында Семей мен Өскемендегі ЖЭО-ларды қазақстандық-сингапурлық консорциум салатыны хабарланған.