Астанада қай көшелер жабылады

Ulysmedia
Фото: ЖИ

Әлеуметтік желіде 22-24 сәуір күндері өтетін саммитке байланысты Астанада уақытша жол қозғалысына шектеулер енгізілетіні жөнінде ақпарат тарады. Қала әкімдігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

РЕСМИ ХАБАРЛАМА

Астана қаласында 22-24 сәуір аралығында көшелердің жабылу кестесі туралы мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпарат шындыққа сай келмейді. Нақты уақыт аралықтары мен көшелер тізімі көрсетілген мәтіннің сенімсіз екеніне назар аударамыз. Осыған дейін көше-жол желісінің жекелеген учаскелерінде ғана қозғалысқа уақытша шектеулер қойылуы мүмкін екендігі хабарланған болатын,– деп хабарлады елорда әкімдігі. 

Осылайша, күні, уақыты және көшелері бойынша бөлінген хабарлама ресми болып саналмайды және шындыққа сәйкес келмейді.

Азаматтардан тек ресми ақпарат көздеріне сенуді, сондай-ақ тексерілмеген мәліметтерді таратпауды сұраймыз, – дейді әкімдік. 

21 СӘУІРДЕГІ КЕПТЕЛІС

Кеше Ухнаагийн Хурэлсухтің Астанаға ресми сапармен келуіне орай да бірқатар көшеде қозғалыс уақытша шектеліп, кептеліс байқалғаны рас. Әсіресе, әуежайдан қала орталығына дейінгі бағыттарда және негізгі даңғылдарда көлік ағыны баяулаған.

2ГИС деректеріне сәйкес, 21 сәуір күні сағат 18:40-та елордадағы жолдағы жағдай 8 баллға дейін жеткен. Бұл – кешкі қарбалас уақытпен қатар, қаладағы ресми делегациялар қозғалысының күшеюімен байланысты.

ҚАЙ КӨШЕЛЕР ЖАБЫЛАДЫ?

Ресми ақпарат бойынша, 22 сәуірден бастап Абай даңғылының Республика даңғылынан Сарыарқа даңғылына дейінгі участкеде жол жабынының жоғарғы қабатын төсеу жұмыстары басталды. Осыған байланысты қозғалыс кезең-кезеңімен жабылатын болады. 

  • Ал 4 сәуірден 4 мамыр аралығында Мәңгілік Ел даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысындағы көлік айрығында жол жабынына орташа жөндеу жүргізіледі. Қозғалыс ішінара шектеледі. 
  • 5 сәуір мен маусым айы аралығында Е68 көшесінің А. Бектұров көшесінен Төле би көшесіне дейінгі учаскесінде құрылыс жұмыстарының басталуына байланысты автокөлік қозғалысы толықтай жабылады.
  • Б. Соқпақбаев көшесінің Ш. Бейсекова көшесінен К. Күмісбеков көшесіне дейінгі учаскесінде құрылыс жұмыстары жалғасады. Аталған учаскеде көлік қозғалысы 5 сәуірден бастап қараша айына дейін толықтай шектеледі.
  • «Абайдың 150 жылдығы көшесін Тілендиев даңғылынан Бейбарыс Сұлтан көшесіне дейін салу» жобасы іске асырыла бастады. Жоба аясында Бейбарыс Сұлтан көшесінен Сұлукөл көшесіне дейінгі аралық 5 сәуірден 10 қазанға дейін қозғалыс үшін толық жабылады.
  • Сонымен қатар, Кенесары көшесінде А. Сембинов көшесінен Сарыарқа даңғылына дейінгі учаскеде орташа жөндеу жұмыстары басталады (2025 жылы Кенесары көшесінде Е. Брусиловский көшесінен Ә. Сембинов көшесіне дейін жөндеу жұмыстары жүргізілген). Жұмыстар 5–20 сәуір аралығында кезең-кезеңімен жүргізілідеді.
  • Қазіргі уақытта М. Тынышбаев көшесінде А. Байтұрсынов көшесінен Ж. Нәжімеденов көшесіне дейінгі аралықта да жұмыстар жүргізілуде.

Толық жабылатын учаскелерде автокөлік қозғалысы баламалы бағыттар арқылы ұйымдастырылады. 

Жоғарыда аталған шектеулерге байланысты қала тұрғындары мен қонақтарынан жолдағы кептелістерді азайту мақсатында қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлауды сұраймыз. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және жүргізіліп жатқан жол-құрылыс жұмыстарына түсіністікпен қарауды өтінеміз,– дейді елорда әкімдігі.