Австро-Венгрия идеясы қайта жаңғыра ма: Мадьярдың жоспары

Ulysmedia
Фото: ЖИ

Венгрияның жаңадан сайланған премьер-министрі Брюссельдегі ықпалын күшейту үшін Австриямен және Орталық Еуропаның басқа елдерімен тығыз байланыс орнатуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

ОРТАҚ ТАРИХИ БАЙЛАНЫС

Politiko басылымының хабарлауынша, премьер-министр болып сайланған Мадьяр Петер көрші елдермен, әсіресе Австриямен байланысты тереңдететінін айтты. Бұл қадам XIX ғасырдың соңындағы Австро-Венгрия империясы кезеңінен бастау алатын ортақ тарих пен мықты экономикалық байланыстарға негізделмек.

«Бұрын біз бір елдің құрамында болдық, ал Австрия Венгрияның маңызды экономикалық серіктесі. Мен Венгрия мен Австрия арасындағы қарым-қатынасты тарихи себептермен қатар мәдени және экономикалық тұрғыдан да нығайтқым келеді», – деді ол.

Айта кету керек, Мадьяр Виктор Орбанды Венгрияның Еуроодақпен қарым-қатынасын қайта жаңғырту уәдесі арқылы жеңді. Алайда ол бұл мақсатқа көзқарастары ұқсас оңшыл лидерлер басқаратын, күшейтілген Орталық Еуропа елдері блогы аясында жетуді көздейді. Оның пікірінше, бұл мемлекеттерді ортақ мәдени ұстаным, экономикалық мүдделер және миграциядан бастап энергетика саясатына дейінгі мәселелер бойынша консервативті көзқарастар біріктіреді. Польша бұл қатарға толық қосылмайды. Ал Батыс Еуропа мен Ресейдің арасында орналасқан басқа елдер әдетте Мәскеумен сауда-экономикалық қатынасты үзбей, сақтап қалуға тырысады.

ЖАҢА БАСШЫНЫҢ ЖОСПАРЫ

Венгрияның болашақ басшысы өз жоспарын жүзеге асыру жолдарын да ашық айтып үлгерді. Осы айдың басында өткен баспасөз мәслихатында ол Вишеград тобы (Венгрия, Польша, Чехия және Словакияны біріктіретін бейресми одақ) мен Славков форматы (Австрия, Чехия және Словакия арасындағы ынтымақтастық алаңы) құрылымдарын біріктіруді ұсынды.

«Бұл әрбір елдің, соның ішінде Австрия мен Венгрияның да мүддесіне сай деп есептеймін. Сондықтан бұл бағытта ілгерілеу болады деп үміттенемін», – деді Мадьяр.

Осы стратегияның айқын белгісі ретінде ол мамыр айының басында Венгрияның жаңа басшысы ретіндегі алғашқы сапарларын Варшава мен Венаға жасайтынын мәлімдеді.

Мадьяр Австрияны жақын әрі негізгі серіктес деп санайды. Бірақ сонымен бірге Польша премьер-министрі Дональд Тусктің тәжірибесінен де көп нәрсе үйренетіні анық. Атап айтқанда, Мадьярды популистік басқарудан кейін либералдық демократияны қалпына келтіру тәжірибесі және заң үстемдігіне қатысты мәселелерге байланысты бұғатталған ЕО қаржысын қайта алу жолдары қызықтырып отыр. 

Венгрия басшысының негізгі мақсаттарының бірі – Еуроодақ тоқтатып қойған 18 миллиард еуро қаржыны қайта алу. Сонымен қатар ол 16 миллиард еуро көлеміндегі қорғанысқа арналған еуропалық несиелерге қол жеткізуді және миграциялық заңды орындамағаны үшін Венгрияға салынатын күн сайынғы 1 миллион еуро айыппұлды тоқтатуды көздейді.

САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Сарапшы, австриялық бұрынғы дипломат әрі тарихшы Эмиль Брикстің пікірінше, Варшаваға сапардың басты мақсаты – елде либералдық демократияны қайта қалыптастыру тәжірибесімен танысып, соны үйрену. Ал Венаға бару – Еуропа саясатына қатысты ұстанымдарды үйлестіру және Орталық Еуропа елдері бірігіп, өз ұсыныстарын қалыптастыру қажеттілігімен байланысты.

Біз бұған дейін қарапайым заңгер венгрлердің басты үмітіне қалай айналғанын жазғанбыз.