«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Атырау мұнай өңдеу зауыты директорының бірінші орынбасары Рахымжан Жанғабыловты қызметінен босатты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 ақпанда Атырау мұнай өңдеу зауыты регенераторларда температураның көтерілуіне байланысты каталитикалық крекинг қондырғысын тоқтатты.
“М. Мырзағалиев 3 ақпан күні Атырау мұнай өңдеу зауытына жұмыс сапарымен барып, кәсіпорын басшылығымен кеңес өткізді. «ҚазМұнайГаз» басшысы ҚМГ Басқарма төрағасының мұнай өңдеу және мұнай химиясы жөніндегі орынбасары Арман Қайрденовтің жетекшілігімен жедел штаб құруды тапсырды. Жедел штаб АМӨЗ жабдықтарындағы ақау толық жойылғанға дейін жұмыс істейді”, – делінген хабарламада.
Бір қызығы, Мырзағалиев зауыт директорының бірінші орынбасары Рахымжан Жанғабыловты қызметінен босатып, кәсіпорынның бас директоры Мұрат Досмұратовқа қатаң сөгіс берумен шектелген.
Естеріңізге сала кетейік, Досмұратов өткен жылдың шілде айында зауыттағы жанжалдардан кейін бас директор болып тағайындалған болатын.
2022 жылдың ақпанында АМӨЗ бұрынғы директоры Шухрат Данбай ұсталды. Оған ҚР ҚК-нің 189-бабы бойынша айып тағылды (бөтеннің мүлкін ұрлау). Зауыттың бұрынғы басшысы 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.