Шымкенттік журналист 5 жылға бас бостандығынан айырылды

Ulysmedia
Коллаж Ulysmedia

24 сәуір күні Шымкенттік журналист Арай Есенбекке қатысты сот үкімі шықты. Ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СОТ ҮКІМІ ҚАНДАЙ?

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сотталушы Арай Есенбекке қатысты қылмыстық іс қаралды. 

Сотталушы Есенбекке ҚК-нің 194-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен айып тағылды. Яғни ірi мөлшерде мүлiк алу мақсатында жасалған қорқытып алушылық, жәбiрленушiнi масқаралайтын, оның мүдделерiне елеулі зиян келтiруi мүмкiн мәлiметтердi тарату қатерін төндіріп бөтеннің мүлкін талап ету,– деп хабарлады Шымкет қаласындағы ауданаралық сот. 

Құзырлы органның мәліметінше, ол 2025 жылдың қазан айында Шымкент қаласы әкімдігінің беделіне нұқсан келтіретін жазбаны әлеуметтік желіде жариялаған. Кейін әкімдік өкілі Ж.-мен кездесу барысында 10 млн теңгеге ақпараттық келісімшарт жасауды талап етіп, талап орындалмаған жағдайда әкімдікті масқаралайтын жазбаны өз парақшасында жариялайтынын айтып қорқытқан.

2025 жылғы 6 қарашада ол анасының банктік есепшотына 990 000 теңге аудартқан.

Сотталушының тағылған айып бойынша кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденеді. Прокурор мен жәбірленуші тарап сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәсін ішінара мойындап, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады,– дейді ауданаралық сот. 

Сот сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жай ретінде жасаған әрекетіне шын өкінуін, асырауында 5 жасөспірім баласы болуын, келтірілген залал өтелуін таныды, ауырлататын мән-жайлар іс бойынша анықталмады.

Сот, А.-ны ҚК-нің 194-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танып, оны ҚК-нің 50-бабы 3-бөлігін қолдана отырып бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты қызметпен айналысу құқығынан 5 жыл мерзімге айыра отырып, оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енбеді,– деп хабарлады Шымкет қаласындағы ауданаралық сот. 

АРАЙ ЕСЕНБЕК КІМ? 

Арай Есенбек 2020 жылы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз хатшысы болып тағайындалған. Оған дейін Шымкент қаласы Ақпараттық коммуникациялық орталықтың директоры болып қызмет еткен. 

Еңбек жолын «Хабар» агенттігінде бастап, кейіннен “Оңтүстік” телеарнасы (бұрынғы “Қазақстан-Шымкент” ТВ), “31” арнаның тілшісі және “Азаттық рухы” басылымының тілшісі болған.

Былтыр сәуірге дейін Аманат партиясының Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық филиалының атқарушы хатшысы болды. 

Біз бұған дейін Аманат партиясының экс-қызметкерінің ұсталғанын жазғанбыз.