Лавров Қазақстанға не мақсатпен келетіні белгілі болды

Ulysmedia
фото: rbc.ru

Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстанда екі күн болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

САПАРДЫҢ МАҚСАТЫ

29–30 сәуір күндері Сергей Лавровтың Қазақстанға ресми сапары өтеді. Астанада ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, сондай-ақ сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевпен кездеседі.

РФ СІМ мәліметінше, кездесулердің негізгі бағыты — екіжақты жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастықты нығайту. Сонымен қатар алдағы жоғары деңгейдегі байланыстар да талқыланбақ.

Ресми өкіл Мария Захарованың айтуынша, тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды кеңейту мәселесін қарастырады. Сондай-ақ ЕАЭО, ҰҚШҰ, ТМД және ШЫҰ сияқты интеграциялық алаңдардағы өзара іс-қимыл да сөз болады.

Бұдан бөлек, халықаралық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу жоспарланған.

СОҢҒЫ РЕТ ҚАШАН КЕЛДІ?

Лавровтың Қазақстанға соңғы сапары бір жыл бұрын болған. Ол кезде ол ТМД сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына және Орталық Азия елдері СІМ басшыларының кездесуіне қатысқан.