Газадағы шамамен 1,1 миллион бала психологиялық көмекке мұқтаж. Соның ішінде ауыр күйзелістен кейін сөйлеу қабілетін жоғалтқан балалар саны артып келеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СЕБЕБІ НЕДЕ?
Газа қаласындағы Hamad Hospital дәрігерлері соңғы уақытта балалар арасында сөйлеу қабілетін жоғалту жағдайлары күрт көбейгенін айтады.
Аурухананың сөйлеу терапиясы бөлімінің жетекшісі Муса әл-Хорти Al Jazeera арнасына берген сұхбатында:
«Кейбір жағдайларда бала мүлде сөйлеу қабілетінен айырылып қалуы мүмкін», – дейді.
Оның айтуынша, бұл селективті мутизм немесе истериялық афония сияқты ауыр психологиялық бұзылыстармен байланысты. Себептерді екі үлкен топқа бөлуге болады.
Біріншісі – физикалық факторлар: бас жарақаты, жүйке жүйесінің зақымдануы немесе жарылыстың соққы толқыны.
Екіншісі – көзге көрінбейтін, бірақ әлдеқайда күрделі себеп: ауыр психологиялық травма.
Көп жағдайда балалар бірнеше рет зорлық-зомбылық көріп, жақындарынан айырылып, тұрақты қорқыныш жағдайында өмір сүреді. Соның салдарынан олар сөйлеу қабілетінен айырылады.
ЖАД ПЕН ЛЮСИН
Жад Зоһуд есімді бес жасар бүлдіршін үйінің маңында болған әуе соққысынан кейін бір күнде сөйлеуден қалған. Бұған дейін оның сөйлеуінде ешқандай мәселе болмаған.
Ал төрт жасар Люсин Тамбура Израиль әуе соққысынан зақымданған баспалдақ құлаған кезде үшінші қабаттан құлап кеткен.
«Құлау оның сөйлеуіне әсер етіп, қолы мен аяғын жартылай сал қылды. Аяғы мен қолы қалпына келді, бірақ сөйлеуінде әлі де қиындық бар», – дейді анасы Нехал Тамбура.
Бұл жағдайлар – мәселенің тек бір бөлігі ғана.
ҚАЛПЫНА КЕЛУІ ҰЗАҚ
Балалар психотерапевті Катрин Глац Брубакк мұндай құбылысты ағзаның қорғаныс реакциясы деп түсіндіреді.
«Бұл - өте ауыр травмаға ұшыраған балалар. Ешқандай медициналық себепсіз сөйлей алмай қалады. Бұл әрдайым экстремалды күйзелістің нәтижесі», – дейді ол.
Оның айтуынша, балалар «қатып қалу реакциясына» түседі. Яғни ағза қауіп кезінде өзін «сөндіреді». Ал ұзаққа созылған стресс миға да әсер етеді.
Травмадан кейін қалпына келу өте баяу жүреді. Катрин Глац Брубакк бес жасар Адамның оқиғасын мысалға келтіреді. Әкесінің қазасын көргеннен кейін ол тек анасына сыбырлап сөйлейтін болған.
Алғашында ол ешкіммен байланысқа түспеген. Бірақ уақыт өте келе кішкентай өзгерістер байқалған: көзбен байланыс, қызығушылық, реакция.
«Бір күні ол анасына сыбырлап сөйлегенде, мен қуандым. Бұл оның қайта өмірге орала бастағанын көрсетті», – дейді маман.
Дәрігердің айтуынша, балалар ойнауды, қарым-қатынас жасауды тоқтатқанда, олардың дамуы да тежеледі. Бұл болашақта білім алуына, әлеуметтік бейімделуіне және психикалық денсаулығына тікелей әсер етеді.