«Ревизионист», «бандиттер»: Шахановты тілдеген блогерді жазалау талап етілді

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Белгілі қаламгер Мұхтар Шахановтың атына көше беру туралы дау ушыға түсті. TikTok-та Владислав Рихтер деген азамат Шахановтың атына тіл тигізіп, петицияға қарсы шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

БҮРКЕНШІК АТПЕН ТАНЫМАЛ

Владислав Рихтер бұрынғы алматылық, қазір Германияда тұрады. Ол Mambethador деген бүркеншік атпен Розыбакиев көшесінің атауын Мұхтар Шахановтың құрметіне өзгертуге қарсы бейәдеп сөздермен пікір білдірді. Рихтер марқұм ақынды «ревизионист» деп атап, Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды «бандиттер» деді, осылайша ол желтоқсаншы қаһармандарды ақтауды іс жүзінде «ұлтшылдықты» ақтаумен теңестірді. 

Айта кетейік, Рихтердің қызметіне бұған дейін де оның шовинистік мәлімдемелеріне байланысты Германияның киберполициясы алаңдаушылық танытқан. Резонанстан кейін желідегі Владислав Рихтердің парақшасы белгісіз себептермен іздеу жүйесінен көрінбей қалды. 

ЗАҢГЕР ПІКІРІ

Заңгер Мейірман Шекеев блогерді ұлтаралық араздық тудырғаны үшін жауапқа тартуды талап етіп отыр. Ол Қазақстан мен Германияның құқық қорғау органдарына ұсыну үшін дәлелдер жинап, мұндай мәлімдемелер бүкіл ұлттың ар-намысына тиеді деп есептейді.

Маған мына бейнежазбаны жан-жақтан жіберіп жатыр. Мені ұлт жанашыры деп ойлағандықтан шығар. Өзін Мәмбетхадор деп көрсеткен азамат біздің ұлттық намызымызға тіл тигізіп отыр. Розыбакиевке ешқандай өкпе, ренішіміз жоқ. Бірақ Шаханов біз қадірлейтін тұлға. Желтоқсан оқиғасы да уақыт өте келе өз құқықтық бағасын алған. Мен бұл бейнежазба бойынша өз арызымды жазамын. Ұлтараздық туғызушы тұлғалар заңмен жауап беруі керек, – дейді Мейірман Шекеев. 

Көше атауын өзгерту туралы петиция 2026 жылғы 19 сәуірде Шаханов қайтыс болғаннан кейін пайда болды. Алайда әкімдік заң бойынша бұл рәсім тек бес жылдан кейін ғана мүмкін екенін түсіндірді. Себебі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, белгілі бір тұлғаның есімін көше атауына беру үшін оның қайтыс болғанына кемінде 5 жыл өтуі тиіс.

ХАЛЫҚ НЕ ДЕЙДІ?

Әлеуметтік желідегі жұрт бұл оқиғаны үнсіз қалдырмады. Бірі Мұхтар Шахановтың қазақ үшін еткен еңбегі мен шығармашылығын алға тартса, енді бірі ұлтараздық тудырудың заң алдында қылмыс екенін айтуда. 

“Масқара, бұл не деп тұр? Бүкіл қазақты қорлап тұр ма”, “Шаханов орталық комитеттің қысымына қарамастан қазақтың ар-намысын қорғаған. Сол үшін ол ел алдында абыройлы”, “Айтқан сөздеріне заң алдында жауап берсін!” дейді желі қолданушылары.