Айды игеру жарысы: есебі дәл Қытай АҚШ-тан оза ала ма?

Анар Лепесова
фото:cbsnews.com

Адамзат алғаш Айға табан тіреген Apollo 11 сапарынан кейін жарты ғасырдан астам уақыт өткенде алпауыттар Жердің серігін бірінші боп игеру жарысына түсті.  

АЙҒА ҚАЙТА ОРАЛУ:  БӘСЕКЕЛЕСТЕР КІМ?

Осы айдың басында NASA төрт астронавтты Ай орбитасына жіберген сәтті әлем жұртшылығы жіті бақылады. Алайда Айды игеру бәсекесінде АҚШ-тың қарсыласы – Қытайдың бәсі басым түсуі ғажап емес. Сарапшылардың пайымынша, Аспан асты елінің ғарыштық бағдарламасы NASA-ның мүмкіндіктерінен асып түсуі мүмкін.

Екі ел де Айда адам тұрақты қоныстанатын база салуды көздейді. Мақсаттарына жетсе, бұл  – адамзаттың өзге аспан денесіндегі алғашқы тұрақты мекені болмақ. Сонымен қатар олар сирек кездесетін ресурстарды барлап, Марсқа болашақта адам жіберуге қажетті технологияларды ғарыш кеңістігінің күрделі жағдайында сынақтан өткізуді жоспарлап отыр.

Қаржыландыруы ауқымды China National Space Administration (CNSA) АҚШ-тың National Aeronautics and Space Administration агенттігімен(NASA) тікелей бәсекеге түскен.

КІМДЕ ҚАНДАЙ АРТЫҚШЫЛЫҚ БАР?

NASA бұрын Apollo program аясында Айға адам қондырған тәжірибесіне сүйене отырып, белгілі бір институционалдық артықшылыққа ие. Алайда қазіргі таңда агенттік 1960-жылдардағы деңгеймен салыстырғанда әлдеқайда аз бюджетпен жұмыс істеп отыр.

Сонымен бірге АҚШ-та биліктің әр төрт жыл сайын ауысуы ұзақмерзімді бағдарламаларды жүйелі жүзеге асыруға кедергі келтіреді. Ал бір партиялық басқару жүйесі қалыптасқан Қытайда мұндай саяси ауытқулар бағдарламаның жүйелі жұмысына әсер етпейді.

Жобаларды жеделдету мақсатында NASA бірқатар маңызды міндеттерді жекеменшік компанияларға жүктеген. Олардың қатарында SpaceX пен Blue Origin бар. Бұл компаниялар келесі жылға жоспарланған сынақ ұшуларына үлгеру үшін Айға қонатын аппараттарды әзірлеуді қарқынды жүргізіп жатыр.

ЖЕДЕЛ ЖАРЫС ЕМЕС, ҰЗАҚ МАРАФОН

Сарапшылардың айтуынша, бұл жолғы бәсеке Қырғи-қабақ соғыс кезіндегі АҚШ пен КСРО арасындағы «кім бірінші қонады?» деген форматтан өзгеше. Қазіргі жарыс –  ұзаққа созылатын, кезең-кезеңімен жүзеге асатын ауқымды бағдарлама.

«Мәселе Айға кімнің бірінші жететінінде емес. Ең маңыздысы – кім онда қайта-қайта барып, тұрақты түрде жұмыс істей алады. Үздіксіз жұмысқа қабілетті ел ғана ақырында ғарыштағы ықпалын нығайтады. Бұл – шешуші фактор», - дейді астрофизик Скотт Мэнли.

Ғарыш кеңістігіндегі құқықтық нормалардың әлі толық айқындалмауы да бәсекенің мәнін арттыра түседі. Ресурсқа бай Айдың бетінде алғаш болып орныққан ел болашақ ережелердің қалыптасуына ықпал етуі мүмкін.

СИМВОЛДЫҚ МӘН ҺӘМ САЯСИ АСТАР

Араға жарты ғасырдан астам уақыт салып, адамды Айға қайта қондыру –  аса ірі символдық жетістік. Бұл ішкі аудитория үшін де, халықаралық аренада да саяси әрі технологиялық қуаттың айқын көрінісі ретінде бағаланады. NASA басшысы Джаред Айзекман бұл бәсекені «ғарыштағы стратегиялық үстемдік үшін күрес» деп атады.

Қазіргі жоспарға сәйкес, АҚШ Айға 2028 жылы қонуды көздеп отыр. Ал Қытай бұл мақсатын 2030 жылға дейін жүзеге асырмақ. Сарапшылардың айтуынша, жеңімпазды айқындайтын айырма жылдармен емес, айлармен өлшенуі мүмкін.

ҚЫТАЙ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ҚАРҚЫНЫ

Қытайдың адам қатысатын ғарыш бағдарламасының негізі 1990-жылдары қаланғанымен, соңғы ширек ғасырда айтарлықтай қарқын алды. Елдің өз ғарыш станциясы бар және ол жоспарланған мерзімдерді сақтауда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.

Скотт Мэнлидің бағалауынша, Қытай «ғарыштық мүмкіндіктер тұрғысынан Ресейден көптеген бағыт бойынша озып кеткен» және жүйелі, бірізді бағдарлама жүзеге асыруда.

Бұған дейін АҚШ-тың бұрынғы дипломаты Джеймс Льюис Конгресте сөйлеген сөзінде:

«АҚШ Ай жарысында жеңіске жеткеннен кейін ғарышқа деген қызығушылығын бәсеңдетті, ал Қытай керісінше қарқынын арттырды. Баяу қозғалғанымен, Қытай АҚШ-ты басып озуы мүмкін», – деген еді.

ARTEMIS ПЕН CHANG’E

Соңғы он жылда NASA адам қатысатын бағдарламасын қайта жандандырды. Бұл жоба Artemis деп аталады. Бағдарлама аясында биыл Ай маңына 1972 жылдан бергі алғашқы экипаж жіберілді.

Ал Қытай Chang'e бағдарламасы арқылы қарқынды түрде алға жылжып келеді. 2024 жылы Қытай Айдың арғы бетінен топырақ үлгісін алғаш болып Жерге жеткізді. 2026 жылға жоспарланған Chang’e-7 миссиясы Айдың оңтүстік полюсінен мұз қорын іздеуге бағытталған. Бұл –  болашақта адамның тұрақты қоныстануы үшін аса маңызды ресурс.

ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ШЕШІМДЕР МЕН ДАЙЫНДЫҚ

Қытай болашақ миссияларда Long March-10 зымыранын, үш ғарышкерге арналған «Мэнчжоу» капсуласын және «Ланьюэ» қону аппаратын пайдалануды жоспарлап отыр. Ал жаңа «Ванъюй» скафандры ғарышкерлердің қозғалыс еркіндігін арттырып, кедір-бұдыр жер бедерінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

АҚШ-та SpaceX пен Blue Origin Айға қонатын аппараттарын әзірлеуді жеделдетіп жатыр. Дегенмен бұл жобалардың толық аяқталмауы NASA жоспарын мерзімінен кешіктіруі мүмкін.

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ПА, ӘЛДЕ БӘСЕКЕ МЕ?

Ғылыми қауымдастық Айды халықаралық ынтымақтастық алаңына айналдыруды қолдайды. Кей сарапшылар оны әскери әрекеттерге, ресурстарды игеруге және аумақтық талаптарға тыйым салынған Антарктида тәрізді бейтарап аймаққа айналдыруға болады деп санайды.

Алайда қазіргі геосаяси жағдайда АҚШ пен Қытай арасындағы бәсеке күшейіп отыр. 2011 жылдан бері АҚШ заңдары NASA-ға Қытаймен тікелей ынтымақтастық орнатуға шектеу қойған, содан бері екі ел арасындағы қарым-қатынас одан әрі күрделене түсті.

Қытай өз бағдарламасын АҚШ-пен тікелей жарыс ретінде емес, ұлттық мақсаттарға қол жеткізу құралы ретінде сипаттайды. Соған қарамастан, адамды Айға қондыру ел ішінде зор мақтаныш пен рухани серпіліс туғызары анық.

ЕУРОПАНЫҢ ҰСТАНЫМЫ

АҚШ-тың шектеулеріне қарамастан, European Space Agency және бірқатар Еуропа елдері Қытаймен ғылыми ынтымақтастықты жалғастырып отыр. Мәселен, Италия, Франция және Швеция Қытайдың Chang’e-6 миссиясына ғылыми құралдарын жіберген.

 «Еуропаның Айға өз бетінше ұшуға мүмкіндігі шектеулі, сондықтан халықаралық серіктестерге сүйенеміз. Бұрын бұл негізінен АҚШ болса, енді Қытай да маңызды әріптеске айналып отыр», - дейді француз зерттеушісі Пьер-Ив Меслен.

Оның пікірінше, Қытай бағдарламасының басты ерекшелігі – нақты әрі кезең-кезеңімен жүзеге асатын жүйелі жоспар.

Қытайдың ғарыш саласына салған ауқымды инвестициясы жаһандық деңгейде әсерін тигізіп отыр. Егер бұрын халықаралық ғылыми жиындарда қытайлық мамандар аз болса, бүгінде бұл салада олардың қатары айтарлықтай көбейген.

Сарапшылар үшін басты фактор – сенімділік. Бұл тұрғыда Қытай өзін тұрақты серіктес ретінде көрсете білді. Бейжің бір шешім қабылдаса, оны міндетті түрде жүзеге асыратыны көпке мәлім.

Айға қайта оралу – тек ғылыми жетістік емес. Бұл – технологиялық көшбасшылық, геосаяси ықпал және болашақ ғарыш экономикасындағы орынды айқындайтын стратегиялық бәсеке. Бұл додада кімнің бәсі басым түсетінін білетін күн таяу.