Үшінші аялдама: Иран Путиннен не күтеді?

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Санкт-Петербургке ұшып келді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТАРАПТАР НЕ ТАЛҚЫЛАЙДЫ?

Министрді Пулково әуежайында ресейлік ресми тұлғалар мен Иранның Ресейдегі елшісі Казем Джалили қарсы алды. Елшінің айтуынша, Арагчи Путинмен кездесуде Ирандағы соғысқа қатысты соңғы жағдайды талқылайды.

«Өздеріңіз көріп отырғандай, Ресеймен біз әрдайым түрлі мәселелер бойынша, әсіресе аймақтық тақырыптарда тығыз кеңес өткізіп келеміз, екіжақты байланыс үзілген емес», - деді Арагчи Санкт-Петербургке келген сәтінде.

Санкт-Петербург — Арагчидің соғысты дипломатиялық жолмен тоқтатуға ұмтылған сапарындағы үшінші бағыт. Бұған дейін ол АҚШ-пен бейбіт келіссөздерде арағайын болған Пәкістан мен Оманда болған. 

КЕЛІССӨЗДЕР НЕГЕ ТҰЙЫҚҚА ТІРЕЛДІ?

Арагчи Пәкістан астанасында АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнермен кездесуі тиіс болған.  Алайда сенбі күні Дональд Трамп өз өкілдерінің Исламабадқа сапарын тоқтатқанын мәлімдеді. Fox News арнасына берген сұхбатында Ақ үй басшысы «18 сағат ұшып, мәнсіз әңгіме айту үшін барудың қажеті жоқ» екенін айтты.

Сол күні Арагчи Пәкістаннан Оманға ұшты. Бұл ел де Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздерге делдал болып отыр. Маскаттан ол қысқа уақытқа қайтадан Пәкістанға соғып, кейін Ресейге бет алды.

Axios басылымының дерегінше, Арагчи Пәкістан, Оман, Түркия және Катардан келген арағайындарға Иран билігінде уранды 10 жылға байытуды тоқтату жөніндегі АҚШ талабына қалай жауап беру керек деген мәселеде бірыңғай ұстаным жоқ екенін жеткізген.

Тегеран делдалдар арқылы Вашингтонға жаңа ұсыныс жолдаған: Ормуз бұғазын ашу, порттардағы шектеулерді алып тастау, ұзақ мерзімді бітімге келу немесе соғысты толық тоқтату, ал одан кейін ғана ядролық бағдарлама тақырыбына қайта оралу.