Мұғалімдер жұмыссыз жүр: педагогтарды дайындау тәртібі тағы өзгереді

Ulysmedia
Фото: ЖИ

Педагог кадрларды даярлау мәселесі Мәжілістегі Үкімет сағатында көтерілді. Депутаттардың айтуынша, қазіргі жүйе Қазақстан мектептеріне қажет мөлшерден әлдеқайда көп мұғалім дайындап отыр.

Бұған жауап ретінде Ғылым және жоғары білім министрлігі педагогикалық мамандықтарға түсетін талапкерлерді іріктеу шарттарын қатаңдататынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДИПЛОМ САНДЫҚТА, МҰҒАЛІМ ҚАЙДА?

Мәжіліс депутаты Сергей Пономаревтің айтуынша, жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін педагогтардың жұмысқа орналасу деңгейі ел бойынша орташа 70%-дан әлдеқайда төмен.

Мен педагогтардың сапасы туралы айтпай-ақ қояйын, тек мына деректі атап өтейін: 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 35 мыңнан астам педагог ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген. Тағы 17,5 мыңы білім беру саласынан тыс жерде жұмыс істейді. Ал 60 мыңға жуық адамның қайда және қандай салада еңбек етіп жүргені туралы мәлімет жоқ, – деді депутат.

ТАЛАПКЕР САНЫНА ЛИМИТ ҚОЙЫЛУЫ МҮМКІН

Мәселені шешу үшін Сергей Пономарев Қазақстан жоғары оқу орындарында Оңтүстік Корея тәжірибесін енгізуді ұсынды. Ол елде мемлекет әр мамандық бойынша қабылданатын талапкерлер санына қатаң лимит қояды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл тәжірибе зерттеліп жатқанын және оны тиімді деп санайтынын айтты. Министрдің сөзінше, қазіргі таңда университеттер педагогтарды шамадан тыс көп дайындап жатыр.

Бірнеше жыл бұрын «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, жалақы өсті. Соның нәтижесінде педагогикалық мамандықтарға сұраныс күрт артты. Бірақ біз сол кезде оқу бағдарламаларының сапасын жеткілікті деңгейде жетілдіре алмадық, – деді ол.

Сондықтан Саясат Нұрбектің айтуынша, 2027 жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға екі кезеңнен тұратын іріктеу енгізіледі. Оқуға түсу тәртібі күрделенеді, ҰБТ бойынша орташа балл талаптары жоғарылайды, сондай-ақ педагогикалық жоғары оқу орындарын аттестациялау стандарттары қайта қаралады.

МИЛЛИОНДЫҚ ЖАЛАҚЫ – МИФ

Статистика көрсеткендей, мұғалімдердің нақты табысы инфляция қарқынына ілесе алмай отыр.

2025 жылдың қорытындысы бойынша педагогтардың орташа жалақысы 320 мың теңгеден сәл ғана асады.