Қазақстан халқының қартаю қарқыны күрт артты

Ulysmedia
Фото: sn.kz

Елімізде қарттардың балаларға шаққандағы үлесі жылдан-жылға артып келеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

100 балаға – 33 қариядан

Energyprom.kz дерегінше, Қазақстандағы демографиялық ахуал халықтың қартаю көрсеткішінің тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді. Мәселен, 2021 жылы әр 100 балаға 26,7 қарт адамнан келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 32,9-ға жеткен. Яғни, 15 жасқа дейінгі әр жүз баланың үлесіне шамамен 33 жасы үлкен адамнан келеді.

Ауыл мен қаладағы қарқын

Бұл үдеріс әсіресе қалаларда жедел жүріп жатыр. Онда қартаю индексі осы кезеңде 28,8-ден 34,9-ға дейін өскен. Ауылдық жерлерде өсім баяуырақ болғанымен, өзгеріс анық байқалады: 23,9-дан 29,6-ға дейін артқан. Бұл ел бойынша жас құрылымының өзгеріп жатқанын аңғартады.

Қай өңірде қарттар көп?

Өңірлер бойынша жағдай одан да күрделірек. Ең жоғары көрсеткіштер Солтүстік Қазақстан облысы (84,1), Шығыс Қазақстан облысы (80,7) және Қостанай облысы (71,3) өңірлерінде тіркелген. Бұл аймақтарда қарттардың саны балалар санына жуықтап қалған. Осындай үрдіс Қарағанды облысы (56,6), Павлодар облысы (60,2) және Ақмола облысы (54,2) өңірлерінде де байқалады.

Ал оңтүстік және мұнай өндіретін аймақтарда халық құрылымы әлі де жас. Мәселен, Маңғыстау облысы – 16,2, Түркістан облысы – 17,2, Шымкент – 17, Атырау облысы – 20,7. Дегенмен бұл өңірлерде де көрсеткіш біртіндеп өсіп келеді. Бұл ел бойынша халықтың қартаю үрдісі жалпылама сипат алып бара жатқанын көрсетеді.

Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жеткені хабарланды. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, бұл көрсеткіш – тәуелсіз мемлекеттің тарихындағы абсолютті рекорд.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында орташа көрсеткіш 67,6 жасты көрсеткен.

1991 жылы – 67,6 жас

2001 жыл – 65,6

2011 жыл – 68,98

2021 жыл – 70,23.