Ректордың жұбайы тексерген бе?: депутат ЕҰУ аккредитациясына күмән келтірді

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Үкімет сағатында депутат Бақытжан Базарбек жоғары оқу орындарында ондаған миллиард теңгегенің дұрыс жұмсалмай жатқанын айтты. Оның сөзінше, университеттерді аккредитациялау жүйесі күмән тудырады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МИЛЛИАРДТАҒАН ШЫҒЫНДАР

Депутат білім беру саласында деректер базалары мен мемлекеттік жүйелер арасында әлі күнге дейін толыққанды байланыс жоқ екенін айтты. Соның салдарынан мемлекет студенттердің қозғалысын, гранттардың бөлінуін және бюджет қаражатының жұмсалуын автоматты түрде бақылауға қауқарсыз.

Бұл жағдай қосарланған қаржыландыруға, оқудан шығарылған студенттер үшін төлемдердің жалғасуына және басқа да түрлі заңсыз схемалардың пайда болуына мүмкіндік береді. Мәселе жекелеген қателіктер деңгейінен асып кеткен. Қаржылық заңбұзушылықтар көлемі 4,4 миллиард теңгені құраса, тиімсіз пайдаланылған қаражат – 12,6 миллиард теңге. Сонымен қатар бюджет шығындары мен жіберілген пайда көлемі тағы 1,5 миллиард теңгеге жеткен. Бұдан бөлек, 30,3 миллиард теңге бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған,– дейді Бақытжан Базарбек. 

АККРЕДИТАЦИЯДА АДАЛДЫҚ ЖОҚ

Жекелеген мәселе ретінде Базарбек жоғары оқу орындарын аккредитациялау жүйесін атады. Бұл рәсім негізінен білім сапасын растауға тиіс болғанымен, оның айтуынша, көп жағдайда формалды түрде өтіп, нақты бақылаусыз қалуда.

Депутаттың негізгі сыны – таныс арқылы аккредитациядан өту. Яғни, университетті бағалайтын ұйым сол университетке жақын адамдардан тұрса, олар әділ тексере алмауы мүмкін. Мұндай жағдай аккредитацияның объективтілігі мен ашықтығына күмән тудырады.

Бақытжан Базарбек аккредитация жүйесіне қатысты нақты мысал келтірді. Оның айтуынша, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «АРҚА» аккредитациялық агенттігімен таныстық арқылы келісімшарт жасаған.

Аталған агенттік университетті аккредитациялайды, ал «АРҚА» аккредитациялық кеңесінің құрамында ЕҰУ ректорының жұбайы болуы мүмкін деген ақпарат бар. «Мұндай аккредитацияға біз сене аламыз ба?» – деді ол.

Депутаттың пікірінше, мұндай жағдайлар жоғары оқу орындарын тәуелсіз бағалау ұғымының өзіне күмән келтіреді.

Ол көптеген рәсімдік заңбұзушылықтар дәл осы мүдделер қақтығысымен байланысты екенін атап өтті. Депутаттың айтуынша, аффилирленген ұйымдарды лоббилеу қалыпты құбылысқа айналып барады, ал аккредитация көбіне формалды сипат алып, тиісті бақылаусыз жүргізіледі.

Сондықтан ол аккредитация жүйесін барынша ашық етуге және одан кез келген аффилирленген байланыстарды алып тастауға шақырды.