Өткен аптада мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға енгізілетін өзгерістер бірінші оқылымда мақұлданды. Заңдағы негізгі даулы мәселелердің бірі – білім беру жүйесін қайтадан аудан деңгейіне беру. 83 депутат қолдап, тек 1 депутат қарсылық білдірген құжат қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазақстан Республикасының педагогтары мен білім саласының бірқатар сарапшылары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық үндеу жариялап, аудандық білім бөлімдерін қайтадан жергілікті әкімдіктердің қарамағына беру туралы заң жобасына қатысты алаңдаушылықтарын білдірді.
Үндеуде авторлар бұл өзгеріс 2021 жылы басталған білім басқаруын орталықтандыру реформасының негізгі қағидаттарына қайшы келуі мүмкін екенін атап өтеді.
- Бұл өзгеріс 2021 жылғы реформаның негізгі жетістігі — білім беруді басқарудың кәсіби вертикалды моделін жойып, мектептерді қайтадан жергілікті атқарушы биліктің әкімшілік-шаруашылық ықпалына тәуелді етеді деп санаймыз, - дейді сарапшылар.
Үндеуде OECD ұсынымдарына сілтеме жасалып, білім беру жүйесінің саяси және әкімшілік қысымнан тәуелсіз болуы тиіс екені айтылған. Авторлардың пікірінше, білімді жергілікті әкімдіктерге қайтару аймақаралық теңсіздікті күшейтуі мүмкін.
- Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, білім сапасының өсуі кәсіби, орталықтандырылған вертикалды басқарумен тікелей байланысты. Ал жергілікті әкімдікке бағындыру мектепті саяси науқандар мен шаруашылық жұмыстардың құралына айналдыру тәуекелін тудырады. Бұл «деполитизация» қағидатына қайшы. Сонымен қатар, қайта орталықсыздандыру бірыңғай стандарттарды әлсіретіп, аймақтық теңсіздікті күшейтуі мүмкін, дейді сарапшылар.
Сонымен қатар, авторлар педагогтардың кәсіби емес жұмыстарға тартылу қаупіне ерекше тоқталған. Олардың айтуынша, бұл мұғалім беделін төмендетуі мүмкін.
- Педагогтарды сабақ кезінде сенбілік, санақ, көше сыпыру, сайлау науқаны сияқты кәсіби қызметтен тыс жұмыстарға қайта тарту қаупі бар, - деді білім сарапшылары.
Олар "Таза Қазақстан" бастамасына қолдау білдіре отырып, тек сабақ процесінің үзілуіне қарсы екенін атап өтеді.
Құжатта білім ұйымдарын басқаруда "тамыр-таныстық" қаупі артуы мүмкін екені де айтылған. Бұл сарапшылардың пікірінше, кадрлық сапаға әсер етуі ықтимал.
Нақтырақ айтқанда, заңдағы өзгеріске сәйкес, мектеп директорларын тағайындау, кадр саясаты және білім бөлімдерінің жұмысы сынды шешімдерге аудан әкімдері жауап беруі мүмкін.
Депутаттардың бір бөлігі мұндай қадам жергілікті жерлердегі мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді деп санайды. Әсіресе ауыл мектептеріндегі проблемалардың баяу қаралатыны айтылды.
Айта кетейік, сарапшылар өз үндеулерін epetition.kz ресми платформасында жариялап, педагогтар мен ата-аналар қауымдастығының қолын жинай бастады.
Заң жобасына қарсы шыққан жалғыз депутат – Асхат Аймағамбеттің айтуынша, бұл шешім елдегі 4 миллион оқушының болашағына тікелей әсер етеді.
- Бүгінде еліміздің мектептерінде 4 миллион бала білім алып жатыр. Олар бұл заңға қарсы пікір білдіре алмайды, бірақ олардың тағдыры осы залда қабылданатын шешімге байланысты, - дейді мәжіліс депутаты.
Аймағамбет аудан әкімдерінің өкілеттігін кеңейту қажеттігін жоққа шығармайды, алайда бұл мәселеде жүйесіздік барын айтты.
- Егер әкімдіктерге нақты билік береміз десек, онда оны толыққанды беру керек. Мысалы, АҚШ-тағыдай салық жүйесін не құқықтық тәртіпті де соларға тапсырайық. Бірақ біз ондай қадамға барудан қорқамыз. Ал білім саласын оп-оңай бере салуға дайынбыз. Бұл – түсініксіз, – деді ол.
Ал жаңа құжаттың қабылдануын қолдаған Мұрат Әбенов 2021 жылы білім саласында жүргізілген басқару реформасына қатысты өз пікірін білдіріп, оның нәтижесін толық оң деп бағалау қиын екенін айтты.
- 2021 жылғы болған реформа сапалы өтті деп мен айта алмаймын. Шындықты айтайық, аудандық деңгейден билікті алып қою кейін бізге үлкен проблема туғызғаны рас,— деді ол.
Әбенов мұғалімдердің тек білім беру процесіне ғана емес, түрлі қоғамдық іс-шараларға қатысу мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, мемлекет деңгейіндегі іс-шараларға педагогтардың қатысуы қалыпты тәжірибе болуы тиіс.
- Мұғалімдер қай кезде болса да мемлекетшіл адам болды. Неге олар 'Таза Қазақстанға' қатыспау керек? Неге референдумға қатыспау керек? Неге мемлекеттік әртүрлі шараларға қатыспау керек?, – деді ол.
Оның айтуынша, соңғы уақытта мұғалімдерді кейбір іс-шараларға тартпау туралы пікірлер де айтылып жүр, бұл мәселе қоғамда әртүрлі талқылануда.
Депутат Асхан Аймағамбет бұрынғы тәжірибеге сүйене отырып, аудандық деңгейде басқару кезінде білім беру саласы көбіне назардан тыс қалып келгенін еске салды.
- Мен аудандық әкімдікте де, қалада да, облыстық әкімдікте де жұмыс істедім. Білім басқармасын 4 жыл басқардым. Сондықтан бұл саланы білемін. Мектептерді облыстық деңгейге бергенде біз не көрдік? Еліміздегі мектептердің жартысына жуығында заңды құжаттар, техникалық төлқұжаттар, жер актісі болмады. Тіпті жері жеке меншікке кетіп қалған жағдайлар болды. Балалар заң жүзінде жоқ ғимараттарда оқып келді. Аудандық басқару кезінде де 30 жыл дәл осылай болды. Бюджеттің 95 пайызы тек коммуналдық төлемдер мен жалақыға кететін. Дамуға – нөл деуге болады. Сатып алудан үнемделген кез келген тиынды аудан әкімдері көбінесе басқа салаға алатын. Мектептерге қаржы үнемдеу тиімсіз болды – бәрі бір оны тартып алатын. Өзім де солай, сол деңгейде жұмыс істегенмін, - деді ол.
Депутат білім жүйесін ауданға қайтару бұрынғы жүйенің сол күйіне қайта оралу екенін айтты.
- 2021 жылғы реформа не берді? Облыстық вертикаль жүйенің 30 жыл бойы көрмеген аудитіне айналды. Ондаған жылдар бойы жасырылып келген жемқорлық схемалары әшкерелене бастады, - деген мәжілісте.
Аймағамбеттің сөзінше, реформадан кейін мұғалімдердің мәртебесі күшейген. Бұрын педагогтар негізгі жұмысынан бөлек әртүрлі іс-шараларда белсенді болуға міндеттелсе, қазір білім беруге басымдық бере бастаған.
Депутат толық орталықтандыру да, толық жергілікті басқару да емес, екі жүйені ұштастырған аралас модельді енгізуді ұсынды.
- Біз білім беру феодализмін жойдық, бюджетті теңестірдік. Дотациялық бюджет бар ауылдың баласы алғаш рет қаладағы баламен бірдей оқулыққа, робот техникасына, пәндік кабинеттерге қол жеткіздік. 4 жыл ішінде халықаралық рейтингтерде тұрақты өсім көрсетті. Біз педагогті қолдадық. Жылдар бойы мұғалімдерді бұқаралық жұмыстарға жегіп келгені ол ашық. Реформадан кейін мұғалім ақыры сабақ бере бастады, директор ақыры мектепті басқара бастады. 4 жылда нақты нәтиже болды. Ал оған дейінгі 30 жылда ше?, - деді Аймағамбетов.
Асхат Аймағамбет пікірінше, кадрлар, директорды тағайындау, аттестация, методология, оқу бағдарламалары сияқты мәселені қамтитын білім мазмұны облыста қалдыру керек. Ал әкімдіктер мектептің материалдық жағдайына – инфрақұрылым, жөндеу, коммуналдық мәселелерге жауап бергені жөн.
Депутат сондай-ақ, қоғамда тараған кейбір пікірлерге де тоқталды. Оның сөзінше, аудандық білім бөлімдері әлі де жұмыс істеп тұр, тек олардың басқару бағыты ғана өзгерген. Бұрын аудан әкіміне бағынышты болса, қазір облыс әкіміне не облыстық білім басқармасына қарайды.
Саясаттанушы Талғат Жанысбай білім саласындағы қазіргі жағдайға қатысты пікір білдіріп, мұғалімдердің құқығы күшейгенімен, жауапкершілік мәселесі әлі де өзекті екенін айтты.
Ол кейбір педагогтердің жұмыс тәртібі мен белсенділігін де сынға салды. Жанысбайдың сөзінше, сабақтан кейін қосымша міндеттерге немқұрайлы қарайтын мұғалімдер бар.
- Тек сабағын өтіп, сабақ біте салып, «құйрығын бір қағып», үйлеріне тайып тұрады, -деді саясаттанушы.
Сонымен қатар ол кей педагогтердің мектеп ішіндегі қоғамдық және тәрбиелік шараларға белсенді араласпайтынын, соның салдарынан мәдени-рухани жұмыстардың сапасы төмендеуі мүмкін екенін айтты.
Ал білім беру саласындағы кәсіби бағдар маманы Әбілхайыр Әділханұлы бұл мәселеде орталықтандырылған жүйенің маңызын атап өтіп, толық жергілікті басқаруға беруді қолдамайтынын білдірді. Оның айтуынша, ең тиімді жол — орталық пен жергілікті деңгей арасындағы теңгерімді сақтау.
Кәсіби маман толық жергілікті басқару әр ауданның өз бетінше шешім қабылдауына әкелетінін, білім сапасында айырмашылық тудыруы мүмкін екенін алға тартты.
Сонымен қатар, маманның пікірінше, мектептерді толық аудан деңгейіне беру бірқатар мәселелер туындатуы мүмкін. Атап айтқанда, білім беру сапасынан гөрі шаруашылық жұмыстардың басымдық алуы қаупі бар.
- Мектептердің негізгі миссиясы – сапалы білім беру екінші орынға ысырылып, артық қағазбастылық, түрлі шаруашылық жұмыстарға мұғалімдер мен оқушыларды негізсіз жұмылдыру қаупі артады, – дейді ол.
Әлеуметтік желілерде мұғалімдердің мәртебесі мен олардың жұмыс жүктемесіне қатысты заң жобасы қызу талқыға түсті.
Желі қолданушыларының көбі мұғалімдердің қосымша жұмыстарға тартылуына қарсы. Олардың сөзінше, бұл педагог мәртебесін төмендетуі мүмкін.
- Бүгіннен бастап мұғалімдер әкімшілікке өтеді және бұрынғыдай көшедегі қоқысты тазалап, концерт, жиналыстарға баруға міндеттеледі. Менің анам 60 жаста және мұғалім, мен ол кісінің көшеде қоқыс тазалап, ағаштарды бояп жүргенін қаламаймын! Бұл мәселе көтерілуі керек деп ойлаймын. Қаншалықты дұрыс?, - деп жазды пікір білдірушілердің бірі.
Сондай-ақ:
- @aimagambetov жалғыз өзі қарсы болып, 83 депутат қолдаған заң жобасында "Мұғалім" статусын тым төмендетіп тастады деп білемін. Себебі мұғалімнің онсыз да шаруасы көп кезде оны анда-мында сүйрелеу барып тұрған әбестік, - дейді тағы бір қолданушы.
Ал кей мұғалімдер жалақы лайықты төленсе, сенбілік сияқты жұмыстарға шығуға қарсы емес екенін жеткізген.
- Мен мұғаліммін және мен сенбілікке шығуға дайынмын. Бірақ… Мен сенбі жексенбі күндері таксист болуға, кейде стройкаға шығуға мәжбүрмін. Өйткені 16 сағатпен 200 мың айлық маған, менің отбасыма жетпейді. Айлығымды көбейтсін, ақшамен мәселе болмаса еңбектенуге дайынмын, - деді Threads қолданушысы.
Айта кетейік, заң жобасы енді Мәжілісте екінші оқылымда қаралады.