Иран Ормуз бұғазын қайта ашуға дайын екенін айтты. Бірақ әлемдік нарықта мұнай арзандаған жоқ, керісінше қымбаттады. Brent маркалы мұнай бағасы 3 пайызға өсті. Яғни, Иран ұсыныс жасағанымен, нарық оған толық сенбей отыр. Себебі бұғаздағы жағдай әлі де тұрақсыз, ал бұл әлемге мұнай жеткізуге тікелей әсер етеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
13 ПАЙЫЗҒА ҚЫМБАТТАДЫ
Al Jazeera хабарлауынша, мұнай бағасы Иранның Ормуз бұғазындағы блокаданы тоқтату туралы ұсынысына қарамастан өсуді жалғастырып жатыр. Тегеран бұл қадамға АҚШ-пен ядролық келіссөздерді кейінге қалдыру шартымен баруға дайын екенін білдірген.
Халықаралық эталон саналатын Brent маркалы мұнай сейсенбі күні 3 пайызға қымбаттады. Иранның бұл ұсынысы жаһандық отын жеткізілімі үшін аса маңызды су жолындағы блокадаға қатысты трейдерлердің алаңдаушылығын сейілте алмады.
Brent маркалы мұнай бағасы GMT уақыты бойынша 07:30-да барреліне 111,49 долларды құрады. Бұл көрсеткіш өткен аптадағы сейсенбімен салыстырғанда 13 пайызға жоғары. Соңғы рет эталондық мұнай бағасы 100 доллардан төмен деңгейде болған еді.
БАҒАҒА НЕ ӘСЕР ЕТТІ?
Соңғы өсім Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Вашингтон мен Тегеран арасындағы тоқтап тұрған бейбіт келіссөздер аясында делдал ретінде Пәкістанға бұғазды қайта ашу жөніндегі ұсыныстарын жеткізгеннен кейін байқалды.
АҚШ бұл ұсынысқа қатысты әлі ресми пікір білдірген жоқ. Ұсыныс бойынша, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты күрделі мәселе кейінірек қарастырылуы мүмкін.
Иранның коммерциялық кеме қатынасына төндірген қауіптері соңғы екі айда Ормуз бұғазындағы теңіз қозғалысын күрт азайтты. Соның салдарынан әлемдік мұнай мен табиғи газ жеткізілімінің едәуір бөлігі іс жүзінде тоқырауға ұшырады.
НЕБӘРІ 8 КЕМЕ ӨТКЕН
Теңіз барлау платформасы Виндвард бақылаған кеме қозғалысы деректеріне сәйкес, жексенбі күні бұғаз арқылы небәрі сегіз кеме өткен. Ал бір күн бұрын бұл көрсеткіш 19 болған.
Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясы мәліметінше, АҚШ пен Израиль 28 ақпанда Иранға қарсы соғыс бастағанға дейін бұғаз арқылы күніне орта есеппен 129 кеме өтетін.
Goldman Sachs бағалауынша, блокада мен өңірдегі энергетикалық инфрақұрылымға жасалған шабуылдар салдарынан әлемдік мұнай өндірісі тәулігіне 14,5 миллион баррельге қысқарған.
Кеме қатынасы мен логистика саласының сарапшылары ескерткендей, тіпті АҚШ пен Иран соғысты тоқтату жөнінде келісімге келгеннің өзінде, энергия тасымалының қалыпты деңгейге оралуына бірнеше ай қажет болуы мүмкін.
Бұған түсірілмей қалған мұнай мен газдың жиналып қалуы, инфрақұрылымның зақымдануы және су жолын ирандық миналардан тазарту қажеттілігі себеп болып отыр.