ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин жақында құқық қорғау органдары хабарлаған қазақстандықтардың жеке деректерінің жаппай таралуына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТАРАТҚАН КІМ?
Брифингте журналистер ҚР Цифрлық даму және жасанды интеллект жөніндегі бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкинге қазақстандықтардың жеке деректері ХҚКО-лар немесе өзге де мемлекеттік мекемелер арқылы таралып кетуі мүмкін бе деген сұрақ қойды.
— Тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүріп жатқан кезде нақты қай қызметкерлер немесе ұйымдар заңды бұзғанын не ақпаратты заңсыз пайдаланғанын айта алмаймын, — деп әріптестерін қорғады Коняшкин.
Сонымен қатар, вице-министр кей жағдайларда азаматтардың өздері де алаяқтарға жеке деректерін беріп қоюы мүмкін екенін айтты.
— Жеке деректерді дұрыс емес жолмен жинау туралы айтқанда, бұл көбіне фишингтік сілтемелер, телефон арқылы жасалатын қоңыраулар немесе заңсыз сайттарға апаратын QR-кодтар арқылы деректерді жинау жағдайларымен байланысты. Мұндай сайттар азаматтардың мәліметтерін заңсыз түрде жинайды және т.б. Сонымен қатар, біз бұған дейін де айтқандай, және жалпы көпшілікке белгілі болғандай, деректердің таралу жағдайлары микроқаржы ұйымдарынан және жекеменшік ақпараттық жүйелерден болған, — деп еске салды ол.
Коняшкин министрлік киберқауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтіп жатқанын жеткізді.
— Біз қазір ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етпеу және жеке деректерге қатысты заңсыз әрекеттер үшін жауапкершілікті қатаңдату бағытында барынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Бұл бағытта штат санын да арттыру қарастырылған, ол қазірдің өзінде бірнеше есе көбейтілді, әрі қарай да осы жұмыс жалғасады. Сондай-ақ ірі ауқымды жаппай дерек таралуына әкелген шара қолданбағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке дейін қатаңдату мәселесі қарастырылып жатыр, — деді Коняшкин.
ЖЕКЕ ДЕРЕКТЕРДІҢ ҚОЛДАН-ҚОЛҒА ӨТУІ
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, биыл наурызда Астана мен Алматыда азаматтардың жеке деректерін заңсыз жинап, интернет арқылы сатқан адамдар тобының әрекеті тоқтатылды. Тергеу барысында бұл ақпаратты кейбір микроқаржы және коллекторлық ұйымдар мен жеке тұлғалар сатып алғаны анықталды. Тінту кезінде компьютерлер, электронды тасымалдағыштар және ірі көлемде ақша тәркіленді. Қылмыстық іс ҚК-нің 147, 208 және 210-баптары бойынша тергеліп жатыр.