«Зеленскийдің агенті»: Соловьев Виктория Бонядан кешірім сұрады

Ulysmedia
фото: gazeta.ru

Ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьев блогер Виктория Бонядан оған қатысты балағат сөз айтқаны үшін кешірім сұрады. Бұған дейін Боня Ресей президенті Владимир Путинге қайырылып, бейнеүндеу жасаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

28 сәуірде Виктория Бонямен болған «Полный контакт» бағдарламасының эфирінде Владимир Соловьев блогерден кешірім сұрады.

«Біріншіден, сіз өте жақсы көрінесіз. Екіншіден, әрине, мен кешірім сұрауым керек. Сіз толықтай дұрыс айтасыз. Иә, мен шынымен де тым эмоцияға беріліп кеттім. Қандай себеппен, не үшін және не мақсатта айтсам да, тікелей эфирде айтылған сөздеріме әлдеқайда қатаң әрі жауапкершілікпен қарауым керек еді», — деді ол.

Эфир барысында Владимир Соловьев Виктория Боняның «Ресейде Владимир Путиннан қорқады» деген пікірін жоққа шығарды. Оның айтуынша, Ресейде президенттен қорықпайды, керісінше халық оны жақсы көреді.

Соловьев сонымен қатар, өзін «әйелдерді жек көретіндер» қатарына қосу біртүрлі екенін айтты. Ол өзі жүргізетін бағдарламаларға көптеген әйелдер қонақ болып келетінін және әрқашан оларға үлкен құрметпен қарайтынын мәлімдеді.

Виктория Боня Владимир Соловьевқа Италия премьер-министрі Джорджа Мелониден де кешірім сұрауды ұсынды. Бұған дейін Соловьев тікелей эфирлерінің бірінде Мелониді «жезөкше», «фашист жексұрыны», «сатқындық – оның екінші есімі» деп сипаттап, қорлайтын сөздер айтқан.

Алайда Соловьев Мелониден кешірім сұраудан бас тартты. Ол оны «жеке тақырып» деп атап, Италиямен байланысты өз алдына бөлек мәселелер бар екенін айтты.

Соловьевтың Мелониге қарата айтқан сөздері дипломатиялық дауға ұласқан. Италия сыртқы істер министрлігі Ресей елшісі Алексей Парамоновты шақыртқан.

КОНТЕКСТ

14 сәуірде Виктория Боня Instagram желісінде президент Владимир Путинге «Ресей халықының атынан» үндеу жариялаған. Дағыстандағы су тасқыны, интернет шектеулері сияқты мәселелерді көтерген.

Боня сонымен бірге халық пен президент арасында алшақтық барын айтып, тіпті губернаторлардың өзіпрезиденттен қорқатынын, ал оның айналасындағы адамдар елдегі шынайы жағдайды жасырып отырғанын мәлімдеген.

Осыдан кейін тележүргізуші Владимир Соловьев блогерді Украина президенті Владимир Зеленскийдің «агенті»деп атап, оны қорлайтын сөздер айтқан. Боня Соловьевті сотқа беретінін ескерткен.