Рейдті түсірген блогер 15 тәулікке қамалды

Ulysmedia
Фото: otyrar.kz

Шымкентте апелляциялық сот блогер Руслан Жанпейісовтің (Бибарс Раимбеков) ісін қарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БЛОГЕРДІҢ КІНӘСІ
Полиция қызметкерлері оның тікелей эфир кезіндегі әрекеттері мен рейдтер туралы пікірлері құқық қорғау органдарының жұмысына кедергі келтірді деп есептеген. Ал Жанпейісовтің айтуынша, ол «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасын тәртіп сақшыларының өз өтініші бойынша түсірген.

– Маған полиция қызметкерлері хабарласып, «келіп, осы рейдтерді түсір» деді. Сенің жазылушыларың көп, қала тұрғындарын хабардар ет деді. Сол өтінішпен түсірдім. Бейнеде жүргізушілерге әрдайым жилет пен өрт сөндіргіш алып жүру керек екенін түсіндір деді. Бар болғаны осы. Мен ешқандай қарсы әрекет жасаған жоқпын, – деді блогер сотта.

СОТ ШЕШІМІ
Алайда сот оны әкімшілік құқықбұзушылық бойынша кінәлі деп таныды (ҚР ӘҚБтК 667-бабы 1-бөлігі – «Қызметкердің заңды талабына бағынбау») және 23 сәуірдегі алдыңғы шешімді жойды. Нәтижесінде блогер 15 тәулікке қамауға алынды. Жанпейісов сот үкімімен келіспейтінін мәлімдеді.

КОНТЕКСТ
23 сәуірде сот Қызылорда облысының полициясы жасаған рапорт бойынша құқықбұзушылық құрамын таппаған. Алайда Қарағанды облысындағы рейдке қатысты басқа эпизод бойынша блогер бұған дейін 4 тәулікке қамауға алынған. 

Айта кетейік, Жанпейісовке қарсы бірден 10 полиция қызметкері рапорт жазған. Оқиға 22 сәуірге қараған түні болған. Жанпейісов Қызылордадан келген полицейлер Бәйдібек би даңғылында жүргізген рейдке жақындап, болған жайтты түсіріп, өз пікірін білдірген. Кейін оны жұмыс орнында ұстап әкеткен.