«Әскери қатынас орнатуға жол берілмейді»: Ресей Орталық Азия елдеріне шүйлікті

Ulysmedia
ТАСС

Ресей қорғаныс министрі Андрей Белоусов Орталық Азияда өзге мемлекеттердің әскери қатынас орнатына жол берілмеуі тиіс деп мәлімдеді. Ол бұл жөнінде Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің әскери ведомство басшыларының кездесуінде айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.

ТОЛЫҒЫРАҚ

«Орталық Азияда өңірден тыс мемлекеттердің әскери қатынас орнатуға және логистикалық міндеттерді жүзеге асыруға ұмтылуын мұқият қадағалап отырмыз. Мұны біз жол беруге болмайтын әрекет деп санаймыз», — деді Андрей Белоусов 28 сәуірде өткен кездесуде.

Ол бұл мәлімдемесін Өзбекстанның Түркиямен әскери ынтымақтастықты дамытатыны туралы ақпарат шыққаннан кейін айтып отыр.

КОНТЕКСТ

23 сәуірде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қорғаныс министрі Баходир Холмухамедовтің Түркиямен әскери ынтымақтастықты дамытуға қатысты баяндамасын тыңдаған болатын. Бұл кездесуге Түркия Қарулы күштерінің жоғары лауазымды өкілі де қатысқан.

«Әскери-техникалық ынтымақтастықтың қарқыны ерекше атап өтілді. Бұл ведомствоаралық байланыстарды кеңейту, бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру және әскери мамандарды даярлау бағыттарын қамтиды. Сондай-ақ әскери саладағы серіктестікті одан әрі тереңдетуге деген уағдаластық нақтыланды», — делінген Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.