Қазақстанда жыл сайын 132-ден 236-ға дейін әскери қылмыстық құқықбұзушылық тіркеледі. Ең жоғары көрсеткіш өткен жылы байқалған, ал соңғы бес жылда олардың саны шамамен екі есе артқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ranking дерегінше, мұндай қылмыстардың ең үлкен бөлігі (35,2%) әскери қызметшілер арасындағы жарғыға қайшы қатынастарға тиесілі. Бұл бағытта 83 жағдай тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 66%-ға көбейген.
Сондай-ақ «қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану» (75 іс) және «қызметке салғырт қарау» (29 іс) баптары бойынша да қылмыстар саны айтарлықтай артқан.
2025 жылы 80 іс сотқа жолданған, олардың 18-і әлімжеттікке қатысты болған.
Өткен жылы күдікті ретінде 163 адам танылған. Олардың басым бөлігі (115 адам) 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтар, бұл көбіне мерзімді әскери қызметшілер екенін көрсетеді.
79 адам әлімжеттікке қатысы бар деп күдіктелген. Солардың 61-іне қатысты қылмыстық іс түрлі себептермен тоқтатылған. Нәтижесінде 79 күдіктінің тек 18-і ғана (22,8%) сотқа жіберілген.
2020 жылдан бері әскери қылмыстардан шамамен 1,4 мың адам зардап шеккен, олардың 47-сі қаза тапқан.
Осы жылдың бірінші тоқсанында зардап шеккендер саны (240 адам) өткен жылдың толық көрсеткішінен асып кеткен. Ал 2025 жылдың қаңтар–наурызымен салыстырғанда бұл көрсеткіш екі есе өскен.
2020 жылдан бері әскерде 89 өз-өзіне қол жұмсау оқиғасы тіркелген (көбіне келісімшартпен қызмет етушілер арасында). Жыл сайын бұл көрсеткіш 10–20 адамның арасында болған.
Мерзімді қызметтегі сарбаздар арасында жылына 3–7 жағдай тіркеледі. Биылғы жылдың алғашқы үш айында әскерге кеткен 4 жас сарбаздың қазасы тіркелген.
Соңғы жылдары әскери бөлімдерде сарбаздар өлімі жиіледі. Биыл қаңтар айының өзінде төрт сарбаз көз жұмды.
7 қаңтарда Шымкентте ҚР Ұлттық ұланының 6506-әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жатқан 21 жасар сарбаздың жүрегі тоқтап қалды. Ресми түсініктеме бойынша өлімнің себебі - жедел лейкоз.
14 қаңтарда Ақтау горнизонында келісімшарт негізінде қызмет атқарған кіші сержантты әскери полигоннан бөлімшеге қайтып келе жатқан уақытында КамАЗ басып кетті. Ол оқиға орнында жан тапсырды.
Ал 23 қаңтарда Өскемен гарнизонының бір әскери бөлімінде сарбаз қарауылдық қызмет атқару кезінде өз қаруынан оқ атып, алған жарақаттан көз жұмғаны хабарланды.
Сондай-ақ, 27 қаңтар күні Жамбыл облысындағы Гвардейск гарнизонында тағы бір сарбаз қаза тапты.