5 жылға сотталған журналистің парадан бас тартқан видеосы тарады

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Желіде Шымкенттік журналист Арай Есенбекке пара ұсынған бейнежазба тарады. Онда бірнеше адамның бірігіп, журналисті жасырын камераға түсіріп, әдейі арандатып жатқаны анық көрінеді,деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

АРАЙ ЕСЕНБЕК АҚШАНЫ АЛМАҒАН

Журналистке әкімдік өкілдері Жанна Байсейітова мен Мейірбек Төлебаев қара пакетке оралған ірі көлемді ақшаны ұсынады. Бірақ Арай Есенбек ақшаны алмаймын деп, бас тартады. 

–Мен ер адам емеспін, бірақ саған үнемі не істеп жатқанымды айтып отырамын. Мейірбек бір-біріңнің қолдарыңды алыңдар,– деп Байсейітова ақшаны Төлебаевқа береді. 

Сол сәтте Арай Есенбек “Сөмкеңе салып қой. Мен ала алмаймын” деп анық айтады. Әңгіме барысында Мейірбек далаға шығып, екі ер адамға: 

–Арнайы екі камера қойып едім. Алмай қойды,– деп айтады. 

АЙЫПТАЛУШЫ ҮКІММЕН КЕЛІСПЕЙДІ

Айта кету керек, 24 сәуір күні Шымкенттік журналист Арай Есенбекке қатысты сот үкімі шықты. Ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Дегенмен бұл шешіммен айыпталушының әйелі әрі қоғамдық қорғаушысы Гүлнұр Әмірәлі келіспейді. 

– Арай Есенбекке тағылған айыпты орынсыз деп санаймыз. Өйткені 194-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен айып тағылды. Яғни ірi мөлшерде мүлiк алу мақсатында жасалған қорқытып алушылық. Ал сараптамада «қорқытып алушылық мүмкін емес» деп берген. Оны сот ескерген жоқ Сондықтан бұл шешімді орынсыз деп санап, аппиляцияға міндетті түрде береміз. Қажет болса Жоғары Сотқа да шағымданамыз,– дейді ол. 

ӘКІМДІКТІҢ ДЕМЕУШІЛІГІ ДЕП ҚАБЫЛДАҒАН

Гүлнұр Әмірәлінің айтуынша, желіде таралған бейнежазба оған тергеуші арқылы жеткен.

– Яғни Арай Есенбектің қоғамдық қорғаушысына берді. Сот мұны көрді ме, көрген жоқ па білмеймін. Ескергені жайлы да нақты айта алмаймын. Өйткені бейнежазбаны сот залында көрген жоқ. Тергеу барысында зерттеу үшін көруі мүмкін. Үкімде қаражаттың анасының атына аударылғанын өзі де растап тұр. Бірақ 2025 жылы 16-17 қараша күндері журналистер арасында футболдан Бейсен Құранбекті еске алуға арналған турнир Талдықорған қаласында өтетін болған. Соған Арай Есенбек әкімдік өкілдерінен демеушілік көрсетуін сұраған. Олар қарастырамыз деген. Кейін Арай Есенбек анасының атына аударылған ақшаны әкімдіктің демеушілігі деп қабылдаған,– дейді қоғамдық қорғаушы. 

Оның пікірінше, бұған дейін Арай Есенбек пен қаланың журналистерінен құралған топ әртүрлі турнирлерге қатысып жүрген. Majilis Cup, Бердіқұлов, Бейсен Құранбекті еске алу сынды турнирлерге жылына 2-3 рет қатысқан суреттерін Арайдың желідегі парақшасынан да көруге болады. Бұған дейін сол футбол командасына әкімдік өкілдері қолма-қол ақшалай немесе банк есеп шоттарына аудару арқылы демеушілік көрсетіп келген. Сондықтан Арай Есенбек бұл қаржыны демеушілікке деп қабылдағанын өз жауабында айтты.

– Тергеу барысында күмән тудырған тұстар болды. Әлі де көкейімізде тұр. Соны аппиляциялық сотта қайта ескереді деп үміттеніп отырмыз,– дейді ол. 

 АРАЙ ЕСЕНБЕК КІМ? 

Арай Есенбек 2020 жылы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз хатшысы болып тағайындалған. Оған дейін Шымкент қаласы Ақпараттық коммуникациялық орталықтың директоры болып қызмет еткен. 

Еңбек жолын «Хабар» агенттігінде бастап, кейіннен “Оңтүстік” телеарнасы (бұрынғы “Қазақстан-Шымкент” ТВ), “31” арнаның тілшісі және “Азаттық рухы” басылымының тілшісі болған.

Былтыр сәуірге дейін Аманат партиясының Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық филиалының атқарушы хатшысы болды. 

Біз бұған дейін Шымкенттік журналист 5 жылға бас бостандығынан айырылғанын жазғанбыз.