Қазақстан Үкіметі көші-қон саясатын жаңартып, оны ашық әрі экономикаға тиімді етуге бағытталған реформаларды қолға алмақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БАЛАЕВА БЫЛАЙ ДЕДІ
Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаеваның айтуынша, қазіргі әкімшілік тәсілдің орнына ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегия енгізіледі.
Біз күрделі әрі көбіне шектеуші жүйеден ашық және икемді модельге көшіп жатырмыз. Негізгі мақсат – экономикаға қажет шетелдік мамандар мен инвесторлар үшін болжамды әрі қолайлы орта қалыптастыру. Елге келу, кәсіби қызмет атқару және қоғамға бейімделу үдерістері жеңілдетіледі, – деді Балаева.
ТӨРТ БАҒЫТТАН ТҰРАТЫН РЕФОРМА
Реформа төрт негізгі бағытты қамтиды.
Бірінші бағыт – сервистік мемлекет қағидатын енгізу. Көші-қон мәртебесі мен рұқсаттарды рәсімдеу бірыңғай жүйе арқылы жүзеге асып, “бір терезе” қағидаты кеңейтіледі. Барлық үдеріс цифрландырылмақ.
Екінші бағыт – бюрократиялық кедергілерді азайту. Өтініштерді қарау мерзімі қысқартылып, әкімшілік рәсімдер цифрлық құралдар арқылы оңтайландырылады. Бұл азаматтар мен мемлекет үшін шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Үшінші бағыт – адами капиталды тарту. Инвесторлар мен жоғары білікті мамандар үшін “Алтын виза” тетігі енгізіледі. Өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларға қатысатын шетелдік инвесторларға тұрақты тұруға қолайлы жағдай жасалады. Ал инженерия, IT және медицина саласының мамандарына жұмысқа орналасу рәсімдері жеңілдетіледі.
Төртінші бағыт – кәсіби біліктілікті тану рәсімдерін жеңілдету. Әсіресе, жоғары технологиялық және тапшы салаларда біліктілікті растау мерзімдері қысқарады. Бұл ретте сапа мен қауіпсіздік талаптары сақталады.
ЭКОНОМИКАНЫ ДАМЫТУҒА СЕРПІН БЕРЕДІ
Барлық өзгерістер институционалдық тұрақтылықты күшейтіп, цифрлық бақылауды арттыруға бағытталған. Реттеу жүйесі неғұрлым дәл әрі технологиялық сипат алады, – деді Балаева.
Үкіметтің мәліметінше, бұл реформалар Қазақстанның инвестициялар, технологиялар және адами капитал үшін жаһандық бәсекедегі орнын нығайтып, білімге негізделген экономиканы дамытуға серпін береді.
Айта кетейік, бұған дейін Көші-қон қызметі комитеті Теңіз кен орны аумағында тексеріс жүргізіп, 27 шетелдік азаматты Қазақстаннан шығарғанын жазған болатынбыз.