Қазақстанда киік пен мал жаппай қырылып жатыр

Қалижан Бектемір
ашық дереккөз

Қазақстанда киік пен мал жаппай қырылып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БҚО ӘКІМДІГІНІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, киіктен пастереллез ауруы анықталған.

Облыста киік күн сайын қырылып жатыр. Тұрғындар төрт түлік малға да жұғып жатқанын айтып, дабыл қағуда.

Киіктен сынама алу арқылы пастереллез таралғаны анықталды. Киік ең көп Жәнібек және Казталов аудандарының аумағында, ішінара Жаңақала, Бөкей ордасы және Ақжайық аудандарында шоғырланған. Инспекторлардың бақылауында шамамен 1,9-2 млн бас киік бар. Бөкей ордасы, Жәнібек және Казталов аудандарының аумағында "Охотзоопром" және резерват инспекторлары жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерімен бірлесіп, киіктердің өлекселерін табу және жою жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр, – дейді әкімдік.

ӨЛЕКСЕЛЕРДІ ЖОЮДА ҚИЫНДЫҚТАР БАР

Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысы аумағында барлығы 3281 бас киік өлексесі жойылды, оның ішінде: аталығы — 1547, аналығы — 1617, лақ — 117.

Ауылдық округтердің аумағында орналасқан мал қорымдарының көпшілігі толып кеткендіктен, өлексені жою кезінде үнемі қиындықтар туындауда. Негізгі қиындық – арнайы техниканың, атап айтқанда, экскаваторлардың жетіспеушілігі, - дейді облыстық әкімдік.

Айта кетері, пастереллез - бактерия текті, жедел түрде өтетін зооноздық жұқпалы ауру. Аурудан тері, теріасты тін, буындар мен сүйектер зақымданады. Ауырған малдың ішкі ағзалары зақымданады.

Бұдан екі-үш күн бұрын интернетте Торғай өңірінде де киіктермен қатар малдың қырылып жатқаны туралы видео тараған болатын.