Қазақстаннан Америкаға тікелей ұшу мәселесі соңғы жылдары жиі көтеріліп жүр. Әсіресе студенттер, мигранттар, кәсіпкерлер мен туристер үшін бұл бағыттың маңызы зор. Алайда бүгінде Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейстері жоқ. Ulysmedia.kz Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінен екі ел арасында тікелей рейстің қашан ашылатынын сұрады.
КЕМІ 24 САҒАТ ҰШЫП ЖҮР
Қазақстаннан Америкаға тікелей рейстің болмауы, жолаушылардың уақытын ұзартып, қажытып жібергені анық. Жолдың қиындығына қарамастан екі ел азаматтары ұшпай қалып жатқан жоқ.
Қазіргі таңда Қазақстаннан АҚШ-қа бару үшін жолаушылар міндетті түрде транзиттік бағыттарды пайдаланады. Ең кең тараған маршруттар – Алматы немесе Астанадан Стамбул, Доха, Франкфурт немесе Дубайға бару. Ары қарай Нью-Йорк, Чикаго, Лос-Анджелес сияқты қалаларға ұшады.
Бұл бағыттарда көбіне халықаралық ірі әуе компаниялары қызмет көрсетеді, ал отандық тасымалдаушы серіктестік рейстер арқылы қосылады. Мұндай сапардың жалпы ұзақтығы әдетте 22-24 сағатқа созылады, кей жағдайда 25 сағаттан да асып кетуі мүмкін. Ал егер Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейс болған жағдайда, ұшу уақыты шамамен 13-14 сағаттың айналасында болар еді. Яғни қазіргі жүйе жолаушылардың уақытын екі есеге жуық ұзартып отыр.
ТІКЕЛЕЙ РЕЙС НЕГЕ ЖОҚ?
Екі ел арасында тікелей рейстердің болмауының бірнеше себебі бар. Ең алдымен, бұл – техникалық мәселе. Ұзақ қашықтыққа үздіксіз ұшатын заманауи кең фюзеляжды ұшақтар қажет. Қазақстандағы әуе компаниялары мұндай лайнерлерді енді ғана сатып алып, флотын жаңартып жатыр. Мысалы, Boeing 787 сияқты ұшақтар толық жеткізіліп, тұрақты пайдалануға берілмейінше, мұндай ұзақ бағыттарды ашу қиын.
Екінші маңызды фактор – геосаяси жағдай. Әуе бағыттарын жоспарлау кезінде мемлекеттер арасындағы әуе кеңістігін пайдалану мәселесі үлкен рөл атқарады. Қазіргі жағдайда кейбір әуе дәліздері жабық немесе шектеулі, бұл маршрутты айналып ұшуға мәжбүрлейді. Нәтижесінде ұшу уақыты ұзарады, жанармай шығыны көбейеді. Ал бұл өз кезегінде билеттің қымбаттауына әкеледі. Мұндай жағдайда тікелей рейс коммерциялық тұрғыдан тиімсіз болып қалуы мүмкін.
Үшінші себеп – қауіпсіздік пен халықаралық талаптар. АҚШ-қа тікелей рейс ашу үшін елдің авиациялық қауіпсіздік жүйесі халықаралық стандарттарға толық сай болуы тиіс. Бұл бағытта арнайы аудиттер мен тексерістер жүргізіледі. Барлық талап орындалмайынша, тікелей рейстерге рұқсат берілмейді. Қазақстан бұл бағытта жұмыс істеп жатыр, бірақ бұл ұзақ әрі күрделі процесс.
Тағы бір фактор – сұраныс. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан мен АҚШ арасындағы жолаушылар ағыны бар болғанымен, ол тұрақты тікелей рейсті толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті деңгейде емес. Яғни ұшақ әр рейсте толық толмаса, авиакомпания үшін бұл бағыт шығынға айналады. Сондықтан мұндай шешім тек саяси емес, ең алдымен экономикалық есепке негізделеді.
ТМД ЕЛДЕРІ АҚШ-ҚА ТІКЕЛЕЙ ЖЕТЕ АЛМАЙДЫ
Айта кету керек, бүгінде АҚШ пен ТМД елдерінің арасында тұрақты тікелей жолаушы рейстері ашылған жоқ. 2022 жылға дейін Ресейде рейс болды. Бірақ кейін тоқтады. Ал Өзбекстан бірнеше рет келіссөз жүргізіп көрді, бірақ нәтижесі болмады. Сондықтан, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан сияқты Орталық Азия елдері де, сондай-ақ Ресей, Әзербайжан, Армения, Беларусь және Молдова сияқты басқа ТМД елдері де Америкаға тікелей жете алмайды.
Дегенмен алдағы жылдары жағдай өзгеруі мүмкін. Қазақстанда жаңа әуе кемелері алынуда, авиациялық инфрақұрылым дамып келеді, ал халықаралық серіктестік кеңейіп жатыр. Көлік министрлігінің айтуынша, 2026-2027 жылдарға қарай Қазақстаннан тікелей рейс ашылуы мүмкін. Егер бұл жоспар жүзеге асса, ол елдің авиация саласы үшін маңызды кезең болмақ.
– Қазіргі уақытта Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасында тікелей тұрақты рейстер орындалмайды. АҚШ-қа ұшу үшін жолаушылар Дубай, Доха, Франкфурт, Стамбул және басқа да халықаралық әуежайлар арқылы транзиттік бағыттарды пайдаланады. Сонымен қатар Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасында «ашық аспан» қағидаттары негізінде әуе қатынасы туралы келісім жасалып, 2022 жылы ратификацияланды, – дейді министрлік.
Жауапты ведомствоның айтуынша, 2024 жылғы тамызда Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі АҚШтың FAA ұйымының алдын ала бағалауынан сәтті өткен.
– Бұл АҚШ-пен тікелей әуе қатынасын ашу мәселесін ілгерілету үшін қажет. Аталған жоспарларды одан әрі іске асыру FAA тарапынан тиісті рәсімдердің аяқталуына, сондай-ақ Air Astana әуе компаниясының әуе кемелері паркіне Boeing 787 үлгісіндегі ұшақтардың жеткізілуіне байланысты болады. Аталған әуе кемелерін жеткізу 2026-2027 жылдары күтілуде,– дейді Көлік министрлігі.
ҚАНШАЛЫҚТЫ ТИІМДІ?
Тікелей рейстердің ашылуы ең алдымен қарапайым жолаушыларға тиімді болар еді. Ұшу уақыты қысқарады, жол жеңілдейді, транзиттік визалар мен жол қиындығы азаяды. Сонымен қатар билет бағасы да белгілі бір деңгейде тұрақтануы мүмкін. Бизнес үшін бұл – жаңа мүмкіндіктер, жылдам байланыс, инвестициялық қарым-қатынастың артуы. Ал мемлекет үшін – туризмді дамыту, халықаралық имиджді күшейту және Қазақстанды транзиттік хаб ретінде қалыптастыру мүмкіндігі. Тек Қазақстан ғана емес, ТМД елдерінің жолаушылары үшін де бұл рейс тиімді болары анық.
Алайда мұндай рейстердің тәуекелі де бар. Ұзақ қашықтықтағы бағыттар – ең қымбат операциялардың бірі. Егер жолаушылар саны жеткіліксіз болса, авиакомпаниялар шығынға ұшырауы мүмкін. Сондықтан бұл шешім жан-жақты сараптауды талап етеді.
АМЕРИКАДАН АЗИЯҒА РЕЙСТЕР
Айта кету керек, АҚШ-тан Азия елдеріне тікелей әуе рейстері бар, бірақ олардың саны шектеулі және негізінен ірі авиациялық хабтарға бағытталған.
АҚШ-тан тікелей рейстер ең алдымен Шығыс Азияға орындалады. Мысалы, Жапония (Токио), Оңтүстік Корея(Сеул) және Қытай (Бейжің, Шанхай) бағыттарына тұрақты рейстер бар, бірақ Қытайға рейстер саны соңғы жылдары шектелген.
Оңтүстік-Шығыс Азияда Сингапур – АҚШ-пен тікелей байланысы ең тұрақты бағыттардың бірі. Сонымен қатар, әлемдегі ең ұзақ рейстердің бірі. Орташа ұшу уақыты шамамен 15-19 сағат. Сондай-ақ Филиппин (Манила) бағытына да рейстер бар.
Таяу Шығысқа келсек, Біріккен Араб Әмірліктері (Дубай, Абу-Даби), Катар (Доха) және Түркия (Стамбул) бағыттарына тұрақты әрі жиі рейстер орындалады. Бұл қалалар – әрі қарай басқа елдерге ұшуға арналған негізгі транзиттік хабтар.