Белгілі журналист, қоғам қайраткері Дана Нұржігіт қазақ киносының аңызы Меруерт Өтекешова туралы жанайқайын білдірді. Ол актрисаның Қыз Жібек фильміндегі рөлі арқылы халықтың жүрегінен орын алғанын атап өтіп, қазіргі әлеуметтік жағдайының қоғам үшін ойлантарлық мәселе екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ПӘТЕР ЖАЛДАП ТҰРАДЫ
Дана Нұржігіт бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. Айтуынша, Меруерт Өтекешова бүгінде Астанада пәтер жалдап тұрады. Журналист мұны «ақылға сыймайтын әділетсіздік» деп бағалады.
– Меруерт Өтекешованың Майя Бекбаеваға берген сұқбатын көріп, жүрегім қарс айырылды. Интеллигенция туралы айтқан сөзім Меруерттей апамыз сияқты адамдар туралы. Жаным,апам-ау! Сұлу келбет,нәзік болмысыңызға Аллам қаншама асыл қасиетті үйіп берсе, сынақты да аямай төккен екен-ау! Меруерт апамыздың қарапайым тіршілік кешіп жүргенін іштей сезетінмін. Бірақ,үй ішімен Астанада пәтер жалдап тұратыны үш ұйықтасам, түсіме кірмейтін, ақылға сыймайтын әділетсіздік. Бұл сұқбат болмаса, ол айтпас та еді-ау айналайын! Сондықтан Баян Алагөзованың ай сайын жасаймын деген қаржылай көмегі бұл мәселенің бергі жағы ғана екен, – дейді Дана Нұржігіт.
АСТАНАҒА ЕСКЕРТКІШ КЕРЕК
Дана Нұржігіт актрисаның тек өнерімен ғана емес, ұлттық мұраға қосқан үлесімен де ерекшеленетінін атап өтті. Оның айтуынша, Қыз Жібек фильмінің көшірмесін сақтап, Мәскеудегі Мосфильм архивінен алдыртып, елге жеткізуі – үлкен ерлікке тең іс.
– Горбочевтың заманында қор ашып, бір тиынын шашпай “Қыз Жібек”фильмін Мәскеудегі Мосфильм архивінен қайта жаздыртып, поезбен алып келіп, үйінде сақтап, елге жеткізген ерлігін айтсаңызшы! Ал Астанада жас жұбайлар отбасылық өмірді әдемі рәсіммен бастайтын Қыз-Жібек пен Төлегенге қойылуы тиіс ескерткіш туралы идеясы қандай тамаша,– дейді журналист.
Дана Нұржігіт Меруерт Өтекешованың биыл 75 жасқа толғанын еске салып, оған лайықты жағдай жасау – қоғамның міндеті екенін айтты. Ол мұны тек мерейтоймен шектелетін құрмет емес, нақты әлеуметтік қолдауға ұласуы тиіс мәселе деп есептейді.
– “Мен бәрін жеңемін, өткеремін, бәрі жақсы болады!” деген қайсарлығыңыз өзіңізге деген аса үлкен сенімнен емес,өзіңізден басқа сенеріңіз жоқтан ғой,апау,асылым! Басқа шара жоқ! Меруерт Өтекешова биыл 75 жасқа толды. Менің анаммен жасты. Жер-жерлерде тойын тойлап, өнер адамдары қолынан келгенше атап өтіп, құрметтеп жатыр. Бірақ ең үлкен құрмет– Қыз-Жібегіміздің Ақ Отауын Хан түсетін Ақ шаңқайлы үй ету! Меруерт Қаратайқызының жағдайын жасау, барынша көмектесу. Бұл ұрпақ барға-қанағат,жоққа-шүкір деп өскен жанкешті ұрпақ. Жанына батып жатса да, үн қатып, алақан жаймайды, арланады. “Менен де жағдайы нашарлар бар ғой” дейді,– деп жазды ол.
КОНТЕКСТ
Еске сала кетейік, соңғы уақытта Меруерт Өтекешованың есімі Баян Алагөзовамен жиі қатар айтылып жүр. Бәрі әйгілі Қыз Жібек фильміндегі камзол кәсіпкер Тұрсын Алагөзовтың жұбайы Баян Алагөзованың қолына түскеннен басталды. Ол бұл бұйымды Instagram желісіндегі парақшасында көрсетіп, ұмыт болған киімді көзінің қарашығындай сақтаған әйелден алғанын айтты.
Кейін Мәдениет министрлігі «Қазақфильм» қорында камзолдың бір түпнұсқасы ұлттық мұра ретінде сақтаулы екенін хабарлады. Сондай-ақ тағы бір дананың қалайша жеке адамның қолына өткенін анықтау мәселесі көтерілген. Бұған жауап ретінде Алагөзова бұл камзол ұзақ уақыт ешкімнің назарында болмағанын, тек өзіне өткеннен кейін ғана талқылау басталғанын айтқан.
Ал бұрынғы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова продюсерден ұлттық мұраға жататын бұйымды музейге тапсыруды сұраған.
Кейін Баян Алагөзова фильмде басты рөлді сомдаған актриса Меруерт Өтекешеваға үндеу жасап, ризашылық белгісі ретінде оған тон сыйлағысы келетінін жеткізді. Сондай-ақ, продюсер өнер иесіне ай сайын 1 миллион теңгеден тұрақты түрде төлеп тұруға уәде берді.