Премьер-министр Олжас Бектенов 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындықты қазірден бастап жеделдетуді тапсырды. Жұмыстар уақытында орындалмаса, өңір әкімдері жеке жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
130 ШАҚЫРЫМ ЖЫЛУ ЖЕЛІСІ ЖАҢАРТЫЛАДЫ
Үкімет басшысы атап өткендей, Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға қомақты қаржы бөлініп отыр, әрі бұл қаражат көлемі жыл сайын артып келеді.
— Биылдың өзінде 130 шақырым жылу желісі және 10,5 мың шақырым электр желілерін жаңарту жоспарланған. Бұл шаралар тозу деңгейін тиісінше 48% және 62%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Келесі жылыту маусымына сапалы дайындық өңірлердің басты міндеті, — деді Бектенов.
ӘКІМДЕРГЕ ЕСКЕРТУ
Ол сондай-ақ әкімдіктерге бөлінген қаржының тиімді жұмсалуын қатаң бақылауды және жөндеу жұмыстарын кешіктірмей бастауды тапсырды. Қазірдің өзінде кейбір өңірлерде жұмыстардың созылып кету қаупі байқалып отыр.
— Егер күзге қарай өңірлерде энергетикалық нысандардың дайындық паспорттары уақытында алынбаса, әкімдер жеке жауап береді, – деді премьер-министр.
Сондай-ақ, өңірлердегі жұмыстарды бірінші вице-премьер Роман Скляр бақылайтынын атап өтті.