«Қазцинктегі» жарылыс салдарынан 2 адам қаза тапты

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Өскемендегі "Қазцинк" зауытында болған төтенше жағдайдан екі адам қаза тауып, тағы бес адам жарақат алған. Бұл туралы кәсіпорын өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Алдын ала дерек бойынша, оқиға түтін сорғыш құрылғысын тазалау кезінде болған.

— Бүгін таңертең Өскемен металлургиялық алаңы аумағында штаттан тыс жағдай тіркелді. Түтін сорғышты тазалау жұмыстары барысында жарылыс болып, артынан өрт шығып, кейбір құрылымдар қирады. Салдарынан екі адам қаза тауып, бесеуі жарақат алды, — делінген компания хабарламасында.

Жарақат алғандарға медициналық көмек көрсетіліп жатыр, оқиға орнында төтенше қызметтер жұмысын жалғастыруда. Кәсіпорында арнайы комиссия құрылып, оқиғаның нақты себебі мен мән-жайын анықтамақ.

ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР

Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, жалпы тоғыз адам жарақат алған. Екеуінің жағдайы ауыр. Оқиға орнына жедел жәрдемнің бес бригадасы барған.

Қазір аумақта іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқарушылар, кинологиялық топтар және ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының мамандары тартылған. Үйінділерді аршу жұмыстары жүргізілуде.

Еске салайық, бүгін Өскемен қаласында зауыт аумағында жарылыс болды. Куәгерлер алдымен қатты жарылысты естіген, содан кейін нысаннан өрт шығып, ғимараттың бір бөлігі құлаған.