NU алғаш рет ішінара гранттар енгізді

Ulysmedia
Фото: NU баспасөз қызметі

Nazarbayev University  биыл мемлекеттік грантқа ілікпеген талапкерлерге арналған ішінара гранттарды ұсынды. Университет тарихында алғаш рет енгізілген бұл қолдау оқу ақысының 10-20 пайызын өтейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАНША ГРАНТ БӨЛІНДІ?

Университет мәліметінше, 2026 жылғы қабылдау науқаны рекордтық деңгейге жеткен: 1250 мемлекеттік грантқа 12 мыңнан астам талапкер үміткер. Соңғы жылдары өтініш саны тұрақты өсіп келеді – 2024 жылышамамен 8 мың болса, 2025 жылы 10 мыңға жуықтаған. Бұл үрдіс оқу орнының Орталық Азиядағы беделіменқатар, жаһандық жағдайдың өзгеруімен де байланыстырылады. Геосаяси тұрақсыздық аясында көптеген отбасы шетелдік білімнің орнына Қазақстандағы қауіпсіз әрі сапалы білімді таңдауда.

Талапкерлердің ата-аналары да осы ұстанымды бөліседі.

«Ата-аналар чаттарынан көріп отырмыз: SAT нәтижесі өте жоғары балалар көп. Өкінішке қарай, біз мемлекеттік грантқа өте алмадық. Ал сұраныс жоғары мамандықтарда ақылы орындар да тез толып қалады. Баламыздың өз елінде, қауіпсіз әрі беделді университетте оқығанын қалаймыз. Бұл – болашағына салынған инвестиция», – дейді талапкердің анасы Мадина Қасымова.

NU-ДА АҚЫЛЫ ОҚУҒА БОЛАДЫ

Университет биыл конкурстан өтіп, академиялық талаптарға сай екенін дәлелдеген барлық талапкерлерге ішінара грант ұсынғанын атап өтті. NU вице-президенті Әсел Увалиева айтуынша, көпшілік университетте ақылы оқу мүмкіндігі бар екенін біле бермейді.

«Кейде ата-аналар балаларын дәл сондай немесе одан да қымбат қаражатқа шетелдегі орта деңгейлі университеттерге жібереді. Ал біздің жатақханада тұру айына шамамен 20 мың теңге. Бұл Қытай немесе Дубайдағы оқу орындарымен салыстырғанда әлдеқайда қолжетімді. Қазіргі жағдайда ел ішінде білім алу – қауіпсіз әрі тиімді шешім. Ішінара гранттар –  грант ала алмаған, бірақ талаптан өткен талапкерлерге нақты мүмкіндік», –  деді ол.

Оның сөзінше, жыл сайын бөлінетін мемлекеттік грант саны өзгермейді, ал талапкерлердің деңгейі өсіп келеді. Биыл 4 мыңнан астам талапкер ең төменгі талаптардан өткен. Орташа IELTS көрсеткіші –  7,5, ал SAT –  1500-1550 шамасында. Бұл  – әлемнің жетекші университеттерімен салыстыруға келетін нәтиже.

Сарапшылардың пікірінше, NU бүгінде ел ішіндегі мықты талапкерлер үшін негізгі таңдау нүктесіне айналып, шетелдік білімге балама ұсынып отыр. Ал ішінара гранттар – негізгі іріктеуден өте алмағанымен, үздіктер қатарында қалған талапкерлерді ұстап қалудың бір жолы.

Ішінара гранттар академиялық талаптарға сай келетін, бірақ мемлекеттік грантқа ие болмаған талапкерлерге оқуға түсуге мүмкіндік береді. Бұл бастама грант саны шектеулі болғандықтан оны ала алмаған, бірақ бәсекеге қабілетті талапкерлерді университетте сақтап қалуға бағытталған.