Қазақстан Anthropic компаниясының акционері атанды

Ulysmedia
Фото: gadgetpage.ru

Қазақстан жасанды интеллект нарығындағы әлемдік көшбасшылардың біріне тікелей инвестиция салды. Ұлттық инвестициялық корпорация Anthropic компаниясының акционері атанып, 25 млн доллар көлемінде қаржы құйды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

AI НАРЫҒЫНДАҒЫ ЫҚПАЛ

Көпшілікке Claude өнімі арқылы танымал компания бүгінде тек қолданушыларға арналған AI-сервис емес, жаңа технологиялық инфрақұрылым қалыптастырып жатқан ірі ойыншылардың бірі ретінде бағаланып отыр.

Компания әзірлеп жатқан шешімдердің қатарында Claude Code платформасы ерекше назар аудартады. Соңғы төрт ай ішінде бұл өнімнің ай сайынғы аудиториясы екі еседен астам өскен. Anthropic алғашқы күннен бастап модельдердің қуатымен қатар, олардың қауіпсіздігіне, басқарылуына және корпоративтік ортада қолдануға бейімділігіне басымдық беріп келеді. Бұл әсіресе қаржы секторы, ірі компаниялар мен мемлекеттік институттар үшін маңызды фактор саналады.

25 МИЛЛИОН ДОЛЛАР САЛДЫ

2025 жылдың соңында Ұлттық инвестициялық корпорация Lightspeed Venture Partners бастаған халықаралық инвесторлармен бірге Anthropic компаниясының Series F инвестициялық раундына 25 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы салған. Сол кезеңде компанияның нарықтық бағасы шамамен 183 миллиард доллар болған.

Ал 2026 жылдың ақпанында Anthropic Series G инвестициялық раундын тартып, оның нарықтық құны 380 миллиард АҚШ долларына дейін өсті. Бұл алдыңғы бағалаудан екі еседен астам жоғары көрсеткіш.

ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ СТРАТЕГИЯ

Ұлттық инвестициялық корпорация бұл қадамды ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі ретінде бағалап отыр. Қор жаһандық сапалы технологиялық активтерге қатысу аясын кеңейтіп, болашақ экономиканың негізін қалайтын компанияларға инвестиция салуға басымдық беруде.

Осылайша, Қазақстан жасанды интеллект саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірінің тікелей акционері атанып отыр.

КОНТЕКСТ 

Бұған дейін Алматыда Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жасанды интеллектіні дамыту жөнінде кеңес өткізгенін жазғанбыз.  Президенттің пікірінше, жасанды интеллектінің бір ерекшелігі – капитал да, технология да көшбасшылардың қолына шоғырланады. Уақтылы әрі батыл шешім қабылдамаса, ертең «технологиялық алшақтықты» қысқарту қиынға соғады. Бұл – Қазақстан үшін алаңдатарлық ахуал. Қазіргі жағдайды егжей-тегжейлі саралап, нақты интеллектуалдық өнімдер жасауға қабілетіміз қаншалықты жететінін анық түсіну керек.