Қазақстан армиясы әлемдік рейтингте 58-орында тұр

Ulysmedia
Фото: ЖИ

Қазақстан әскери шығын көлемі бойынша Орталық Азия елдерінің арасында көш бастады. Global Firepower рейтингіне сәйкес, ел бір тұрғынға шаққанда қорғаныс саласына жылына шамамен 284 доллар жұмсайды. Сонымен қатар, Қазақстан әлемдік әскери қуат рейтингінде 58-орнын сақтап қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

2026 жылғы дерекке сәйкес, Қазақстанның әскери қуат индексі – PwrIndx 1.0433 деңгейінде бағаланды. Бұл көрсеткіш нөлге неғұрлым жақын болған сайын, мемлекеттің әскери әлеуеті соғұрлым жоғары деп есептеледі.

КӨШ БАСЫНДА КІМДЕР ТҰР?

Әлемдік рейтингте көш басында АҚШ тұр. Елдің әскери қуат индексі 0.0741. Одан кейін Ресей (0.0791) мен Қытай (0.0919) орналасқан. Ал алғашқы ондыққа Үндістан (0.1346), Оңтүстік Корея (0.1642), Франция (0.1798), Жапония (0.1876), Түркия (0.1975), Италия (0.2211) және Бразилия (0.2374) енді.

Рейтингтің соңғы орындарында Либерия (3.9275), Суринам (4.0538), Орталық Африка Республикасы (4.2381), Белиз (4.3602) және Бутан (5.7991) тұр.

Сондай-ақ рейтингте елдердің қорғаныс бюджеті де көрсетілген. Қазақстанның әскери бюджеті 5,836 миллиард долларды құрады.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЖОҒАРЫ КӨРСЕТКІШ

Халық санына шаққанда Қазақстанның әскери шығыны жылына бір адамға шамамен 284 доллардан келеді. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш.

Салыстыру үшін айтсақ, Түрікменстанда әскери шығын көлемі бір адамға шаққанда шамамен 209 долларды, Өзбекстанда – 162 долларға жуық, Қырғызстанда – шамамен 88 долларды, ал Тәжікстанда 42 доллардан сәл асатын көрсеткішті құрайды. 

Айта кетейік, Global Firepower рейтингін жасау кезінде 60-тан астам фактор ескеріледі. Олардың қатарында армия саны, қаржылық мүмкіндік, логистика, географиялық орналасу, әскери техника қоры және экономиканың тұрақтылығы бар.

Бұған дейін Қазақстанда Қарулы күштер әскери қызметшілеріне ақшалай қамтамасыз ету, жәрдемақы және өзге де төлемдерді төлеудің жаңа қағидалары бекітілген болатын.