Қазақстан тумасы Санжар Әбішев Лондонның Сент-Джеймс ауданының мэрі болып сайланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сайлаудағы жеңіс
Бұл туралы әлеуметтік желіде кәсіпкер Қанат Көпбаев жазды.
"Қазақ жігіт Лондондағы St. James ауданының мэрі болып сайланды. Менің ескі досым, кәсіпкер Азат Әбішевтің ұлы Санжар небәрі 33 жаста. Лондондағы атақты Malvern колледжін, сосын университет бітіріп, енді қалалық Westminster City council атқарушы органына мүше болып енді. Консервативті партия өкілі ретінде бас бәсекелес лейбористерден 350 дауысқа озып шықты. Құтты болсын, Санжар Азатұлы, үлкен саяси шыңдардан көріне бер!" - деп жазды ол.
Көпбаевтың айтуынша, Санжар Әбішев — оның досының ұлы, әрі ол мектеп жасынан бері Ұлыбританияда тұрады.
Ақсүйектер ауданы
Сент-Джеймс ақсүйектер ауданы деген атауға ие. Ол - Лондонның орталығында орналасқан беделді аудан. Атауы орта ғасырда болған әулие Джеймске арналған ауруханадан шыққан. XVII ғасырда (1660-жылдардан бастап) ақсүйектер тұратын ауданға айналған. Қазір де Лондондағы ең көне әрі элиталық аймақтардың бірі саналады. Сент-Джеймс корольдік сарайларға жақын орналасуымен (St James’s Palace, Buckingham Palace маңы), элиталық клубтарымен, қымбат дүкендер, сәнді мейрамханаларымен, дипломатиялық және бизнес кеңселерімен танымал.
Санжар Әбішев жайлы
Лондонда мэр қызметіне тағайындалғанға дейін Санжар Әбішев халықаралық маркетинг пен цифрлық технологиялар саласында он жылдан астам уақыт жұмыс істеген. Ол Blue Swallow Group агенттігінің иесі және Маркетинг саласындағы дипломды институттың (ACIM) мүшесі. Оның кәсіби тәжірибесінде HK Scan, Pitney Bowes және Bloc Hotels сияқты ірі брендтерге арналған науқандарды басқару, сондай-ақ электронды коммерция саласында 40-тан астам жобаны жүзеге асыру бар.
Қазіргі таңда мэр ретінде Әбішевтің басқаруында Лондонның бірқатар маңызды мемлекеттік нысандары бар: Букингем сарайы, Дауннинг-стриттегі премьер-министр резиденциясы және Парламент ғимараты.
Аудан басшысы ретінде Әбішев құқықтық тәртіп мәселелеріне қатаң ұстанымымен ерекшеленеді. Ол Лондон медиасында бірнеше рет қала орталығында түнгі уақытта заңсыз көше жарыстарын ұйымдастыратын жүргізушілерге қарсы шығып, олардың әрекеті тұрғындардың тыныштығын бұзып, қауіп төндіретінін айтқан.
Сонымен қатар, Санжар қайырымдылықпен белсенді айналысады. Ол жыл сайын Лондон марафонына қатысып, үйсіз адамдар мен табысы төмен отбасыларға көмек көрсететін Cardinal Hume Centre ұйымына қаражат жинайды.
Оның жұмысында көше қылмыстарымен күреске ерекше назар аударылады. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында былай дейді:
“Сент-Джеймс-Саут округі панелінің төрағасы ретінде мен жергілікті серіктестермен қылмыс пен қоғамға жат әрекеттер мәселесін тұрақты түрде талқылаймын. Виктория-стритте велосипедпен келіп телефон ұрлау оқиғаларының көбейгенін, сондай-ақ Страттон-Граунд пен Крайстчерч-Гарденс аумақтарында тыйым салынған заттарды қолдану жағдайлары артқанын қарастырамыз”.
Тәртіп пен еңбек
Қанат Көпбаевтың айтуынша, Әбішевтің жетістігі Ұлыбританиядағы ықпалды ортаға сүйенбей, тек тәртіп пен еңбек арқылы келген.
Оның беделін арттырған оқиғалардың бірі – сайлау науқаны кезінде болған жағдай: Санжар 79 жастағы тұрғынды құтқарып қалған. Ол жабық пәтерде құлап қалып, бірнеше күн бойы ауыр жағдайда көмексіз жатқан.
Бүгінде Санжар Әбішев – Ұлыбритания астанасының басқару жүйесінде осындай жоғары деңгейдегі әкімшілік қызмет атқаратын Қазақстаннан шыққан санаулы тұлғалардың бірі. Ол Лондонның ең орталығында полиция мен муниципалдық қызметтердің жұмысын үйлестіруге қатысады.