Фитнес байлардың спорты ма? Қазақстанда абонемент бағасы шарықтады

Ulysmedia
Фото: ЖИ

Жаз жақындаған сайын қазақстандықтар фитнес клубтар мен жаттығу залдарына жиі бара бастады. Алайда биыл спортпен айналысу бұрынғыдан қымбатқа түсіп отыр. Абонемент бағасы инфляциямен бірге өссе де, халықтың фитнеске жұмсайтын шығыны азаймаған – соңғы бес жылда бұл нарық көлемі үш еседен астам ұлғайған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстанда фитнес пен спорт бұрынғыдай тек сән емес, күнделікті өмір салтына айналып келеді. Алайда салауатты өмірге ұмтылудың да өз бағасы бар. Биыл көктемнен бастап елдегі фитнес-орталықтар, спорт клубтары мен жаттығу залдары қызмет құнын көтерді. Energyprom сарапшылар мұны маусымдық сұраныстан емес, инфляция қысымынан көреді.

ФИТНЕС БАҒАСЫ НЕГЕ ӨСТІ?

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында жаттығу залдары абонементтерінің тұтыну бағасы индексі 110,5%-ды құраған. Ал бассейн қызметтері одан да қатты қымбаттап, 113,5%-ға жеткен. Салыстырмалы түрде айтсақ, осы кезеңдегі ақылы қызметтердің жалпы қымбаттауы 10% болған.

Соңғы бірнеше жылдағы динамика фитнес нарығындағы баға өсімі әсіресе 2022 жылдан кейін күшейгенін көрсетеді. Дегенмен бұл өсім елдегі жалпы инфляциялық дәлізден аса қоймаған.

– Қазақстанның ірі қалаларында фитнес бағасы өңірдің әлеуметтік-экономикалық деңгейіне тікелей тәуелді. Әсіресе Алматы мен Астанада премиум форматтағы фитнес клубтар кең таралған. Мұндай орталықтарда тек тренажер залы емес, бассейн, SPA, топтық сабақтар мен клубтық қызметтер де ұсынылады. Мегаполистердегі айлық абонемент бағасы 19-31 мың теңге аралығында болса, жылдық пакет 180-280 мың теңгеге дейін жетеді. Ал облыс орталықтары мен өзге қалаларда баға біршама төмен. Айына 13-24 мың теңге, жылына 140-200 мың теңге шамасында, – деп жазды Energyprom.

Бағаның өңірлерде әртүрлі болуы кейінгі статистикадан да байқалады. Мысалы, биыл ең жоғары өсім Алматы облысында тіркелген – 48%. Сонымен қатар Жетісу, Павлодар және Ұлытау облыстарында да фитнес қызметтері бағасының индексі республикалық деңгейден әлдеқайда жоғары болды.

ХАЛЫҚ СПОРТҚА ҚАНША ЖҰМСАЙДЫ?

Баға өссе де, фитнес индустриясының нарығы тарылып жатқан жоқ. Керісінше, қазақстандықтардың спортқа жұмсайтын шығыны күрт артқан.

2020 жылы спорт және фитнес клубтары көрсеткен қызмет көлемі 44,3 млрд теңге болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 147 млрд теңгеге жеткен. Яғни бес жыл ішінде нарық көлемі үш еседен астам ұлғайған. Әсіресе былтыр өсім өте жоғары болды – бір жыл ішінде нарық 69,6%-ға кеңейген.

Бұл халық арасында денсаулыққа көңіл бөлетіндердің көбейгенін ғана емес, фитнес индустриясының коммерциялық тұрғыдан да табысты секторға айналып келе жатқанын көрсетеді.

– Саланың ішінде фитнес клубтар ерекше қарқынмен дамып жатыр. 2025 жылы фитнес клубтар көрсеткен қызмет көлемі екі есе артып, 79,7 млрд теңгеге жеткен. Ал спорт орталықтарының көлемі 67,3 млрд теңгені құрап, 1,5 есеге өскен,– дейді Energyprom.

Бұл жерде тағы да Алматы мен Астана көш бастап тұр. Нарықтағы негізгі қаржы осы екі қалада шоғырланған:

  • Астана - 44,9 млрд теңге;
  • Алматы - 38,8 млрд теңге;

Одан кейін Атырау, Қарағанды және Павлодар облыстары келеді. Ал Жетісу мен Ұлытау облыстарында фитнес нарығы әлі де әлсіз дамыған.

Сарапшылар мұны халық табысының айырмашылығымен, урбанизация деңгейімен және инфрақұрылым мүмкіндігімен байланыстырады.

СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

Фитнес индустриясындағы тағы бір маңызды мәселе – инвестицияның тұрақсыздығы. 2020-2023 жылдар аралығында салаға салынған қаржы көлемі бірнеше рет құбылған.

2020 жылы фитнес инфрақұрылымына 3,2 млрд теңге инвестиция салынса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 4,5 млрд теңгеге дейін өскен. Кейін қайта төмендеп, 2023 жылы 5,5 млрд теңгеге жеткен.

Мамандар мұндай өзгерісті белгілі бір өңірлерде ірі спорт нысандарының салынуымен немесе жаңғырту жұмыстарына бөлінген бір реттік қаржымен түсіндіреді.