Ресейдегі халық санағы: орыс емес ұлт өкілдері күрт азайған. Бұған сарапшылар неге алаңдайды?

Ulysmedia

Былтыр жылдың аяғында Кремль пандемияға байланысты кейінге шегерілген 2021 жылғы халық санағының нәтижесін жариялады. Бұл аз ұлт өкілдерін алаңдатқан даулы жобаға айналды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Азаттыққа сілтеме жасап.

Ашық дереккөз

Ресей үкіметі былтыр жыл аяғында 2021 жылғы халық санағының нәтижесін жариялады. Онда Ресейдегі аз ұлттар күрт азайғаны байқалады. Мәселен, елдегі ең ірі этностық топ – татарлар 600 мыңға азайған. Марийлер 22.6 пайыз, чуваштар 25 пайыз, удмурттар 30 пайыз кеміген.

Ресми дерек бойынша, өзін ешқандай этностық топқа жатқызбайтын респонденттер саны 16.5 миллион адамға жеткен. Демографтар, сарапшылар мен белсенділер Кремльдің ниеті мен халық санағы нәтижесіне күмәндана қарайды.

 

“Өзі қай ұлтқа жататынын көрсетуден бас тартқан адамдар саны көбейген. Бұл – ксенофобияның жемісі. Адамдар болашақта тап болуы мүмкін қиындықтарды ескеріп, ұлтын жасырып қалдыруды жөн көреді”, – дейді ресейлік әлеуметтанушы Игорь Яковенко.

ХАЛЫҚТЫҢ 99 ПАЙЫЗЫ ҚАТЫСҚАН ХАЛЫҚ САНАҒЫ

Халық санағы әуелі 2020 жылдың күзіне жоспарланған. Бірақ коронавирус пандемиясына байланысты кейінге қалып, 2021 жылы қазанның ортасынан қарашаның ортасына дейін өтті.

Халық санағының алдын ала нәтижесі 2022 жылы қыркүйекте, ал түпкілікті қорытындысы желтоқсанда жарияланды. Санаққа 2014 жылы Ресей заңсыз оккупациялаған Қырым түбегі де қатысқан.

Ресейдегі жалпы халық саны – 144.7 миллион адам (Украинаның Қырым облысын қосқанда, 147,2 миллион). 2010 жылы бұл көрсеткіш 142,8 миллион болған. Ресей статистика комитеті басшысының орынбасары Павел Смелов 2021 жылғы қарашада, дерек жинаудың аяқталуына бірнеше күн қалғанда "сауалнамаға халықтың 99 пайызы қатысты" деп мәлімдеген.

Үкіметтік емес ұйым сарапшылары сауалнамаға қатысқандар саны әлдеқайда аз болғанын, қолданылған әдістер нәтиженің мәнін бұрмалап жібергенін айтады. "Левада-Центр" тәуелсіз әлеуметтік агенттігінің мәліметінше, ресейліктердің 42 пайызы санаққа мүлде қатыспағанын айтқан, Мәскеуде санаққа қатыспағандар 73 пайызға жеткен.

“Бұл халық санағына 56–57 миллионға жуық адам қатыспағанын көрсетеді”, – дейді демограф, 2020 жылы шілдеде үкіметтің коронавирустан көз жұмған науқастар туралы есебіне күмән келтіргені үшін Ресей статистика комитетіндегі қызметінен босатылған Алексей Ракша.

Ресми дерек бойынша, халық санағына қатысатын орыстар саны 2010 жылы 111 миллион болса, 2021 жылы 105,6 миллионға дейін азайған.

"ДЕРЕКТЕРДІ БҰРМАЛАУҒА МӘЖБҮРЛЕЙДІ"

Халық санағын жүргізумен айналысатын қызметкерлер Азаттыққа берген сұхбатында қолда бар деректің көбі ойдан шығарылғанын растады.

“Бізді деректерді бұрмалауға мәжбүрлеп жатыр, бұл әсіресе Санкт-Петербургте көп кездеседі. Өйткені қалада халық санағына қатысу деңгейі төмен. Облыстық әкімдіктің бұйрығымен бізді заңсыздыққа баруға мәжбүрлеп жатыр, осыған алаңдаулымыз”, – деді аты-жөнін жасырын қалдыруды өтінген қызметкерлердің бірі.

Ресейдің оңтүстігіндегі Астрахань облысында халық санағымен айналысатын тағы бір қызметкер де осыған ұқсас пікір айтты.

"Маған берілген тізімдегі сауалнамалардың 50 пайызына жауап берілген. Қалғандарын тұрғылықты мекенжай бойынша толтырып шыққан. Ешкім азаматтарға барып, пікірін сұрамаған. Адамның өзін қай ұлтқа жатқызатыны туралы ақпарат болмады, оны өзіміз анықтауға тырыстық. Бұл графаны бос қалдырдым" дейді ол.

Осындай расталмаған деректерден кейін көп сарапшы 2021 жылғы санақ нәтижесіне сүйенбейтін болған.

 

"Халық санағының нәтижесіне қатты сенбес едім. Бұл мәселеге қатысты татар зиялылары мен басқа республика белсенділері ғана емес, академиялық қауымдастық өкілдері арасында да сұрақ туындап отыр" деді әлеуметтанушы, Канададағы Карлтон университетінің шақырылған профессоры Гузель Юсупова.

Яковенко "тоталитар, фашистік режимде" дауыс беру мүмкін емес деп есептейді: "Адамдар өзінен жауап алуға келген адамды жеке кеңістігін бұзып, тым жеке сұрақтар қойып жатқан билік өкілі немесе күш құрылымдарының қызметкері деп қабылдайды".

Әлеуметтанушылар адамдардың 90 пайызы сұрақтарға жауап беруден бас тартып жатқанын айтады. Халық санағына келсек, көбі жауап бергісі келмейді, басқалары шындықты бұрмалап жауап береді.

 

Татар тарихшысы әрі этнограф Дамир Исхаков "жетекші демографтар бұл статистикалық материалдан пайда жоғын мойындады" дейді.

“Қазан қаласының өзінде үй-үйді аралап, адамдармен ешкім сөйлескен жоқ. Өзім куә болдым. Таныстарыма ешкім бармаған”, – дейді ол.

"Ресей президенті Владимир Путиннің басқару жүйесі этностық сепаратизмнен қорқынышқа құрылған. Репрессив үкіметтің өзегі – этникалық сепаратизм" дейді Юсупова.

Ол 1999 жылы Путиннің билікке келуіне Екінші шешен соғысына байланысты ксенофобия толқыны әсер еткенін айтады.

"Саналуандыққа қалай қарайтынымыздың негізгі факторы осы еді. Еліміздегі әртүрлілік мигранттар, есірткі сатушылар, терроризм, Ресейдің көзін жоюға ұмтылған этностық белсенділер сияқты қауіппен байланысты" дейді ол.

Жылдар бойы мемлекеттік пропаганда патриотизм мен бірлікке үндеп келді. 2020 жылы қабылданған конституциялық толықтырулар ресейліктердің "мемлекет құраушы" болмысын күшейтті.

"Ресей Федерациясының мақсаты – шешендер мен Солтүстік Кавказдағы этнос топтарынан басқа ұлттардың көбін орыстармен ассимиляцияға итермелеу. Бірақ халық санағының сапасы нашар болғаны соншалық, бұл процесті нақты бағалау мүмкін емес" дейді Ракша.

Бұл талдауды Ресейдегі татарлар саны да растайды. 2002 жылғы халық санағында татарлар 5,55 миллионға жетіп, Ресейдегі қысқа демократизация мен Татарстан автономиясы кезеңінің аяғында осындай үлкен көрсеткіш тіркелді. 2010 жылғы халық санағының нәтижесіне сәйкес, татарлар саны 5,3 миллионға дейін, кейінгі санақ кезінде тағы 600 мың адамға азайған.

Татар тарихшысы Исхаков Ресейде демократия болса, 10 жылдан кейін тағы да халық санағы өтіп, татарлар қайтадан 5 миллионнан асады деп болжап отыр.