Қызыл ту, жұлдызды қалпақ: Алматыдағы «Батырларға тағзым» шеруі қалай өтті

Ulysmedia
фото: Ulysmedia

9 мамыр күні Алматыдағы Орталық мәдениет және демалыс саябағынан 28 панфиловшы батырлар саябағына дейін «Батырларға тағзым» шеруі өтті. Көпшілік оны бұрынғы әдетпен әлі де «Мәңгілік полк» деп атап жүр. Іс жүзінде формат пен идея айтарлықтай өзгермеген. Шерудің қалай өткенін Ulysmedia.kz тілшісі бақылап қайтты.

Шерудің тарихы

Ардагерлердің суреттері көтерілетін шеру бірнеше жыл үзілістен кейін 2025 жылы қайта жанданды. Қазақстанда ол «Батырларға тағзым» деп аталады. Дегенмен, қарапайым халық оны Ресейдегі акциямен ұқсастырып, көбіне «Мәңгілік полк» деп атайды.

Ал Ресейдің көптеген қалаларында биыл «Мәңгілік полк» өткізілген жоқ. Бұған қауіпсіздік жағдайы, соның ішінде украиналық дрондар қаупі себеп болғаны айтылады.

Алматыға оралсақ. Биылғы шеру өте ме, жоқ па – соңына дейін белгісіз болды. Өткен жылы ол сәуірдің соңында ресми түрде жарияланған еді. Биыл 7 мамырға дейін ешқандай ақпарат болмады. Тек Отан қорғаушылар күнінде Ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы Мұрат Әбдішүкіров акцияның келісілгенін хабарлады.

Өтетін орны мен уақыты өзгермеді: 9 мамыр, сағат 10:00-де Орталық саябақтың бас кіреберісінен басталып, 28 панфиловшылар саябағында аяқталады.

Алайда ресми мерекелік хабарламаларда бұл шеру туралы ештеңе айтылмаған.

Кейбір қатысушылардың сөзінше, олар акция туралы кешкісін, көрші чаттардан естіген. Соған қарамастан, биылғы қатысушылар саны өткен жылдан аз болған жоқ.

Түзеле алмаған сап

Орталық саябақ маңында алыстан полиция мотоциклдері мен Қазақстан туы көтерілген үлкен топ көрінді. Туларды ерікті жастар ұстап тұрғаны белгілі болды.

Олардың алдында костюм киген ер адам тұрып, барлығын бір сызық бойымен сапқа тұрғызуға тырысқан. Бірақ жастар біраз уақыттан кейін сапты бұзып, шашырап кетіп жатты.

Тудың сабы ретінде кесілген пластик құбырлар қолданылған, олар туды мықтап ұстауға жарай қоймады.

— Туды әдемі ұстаңдар! Мұндай сапты кім ойлап тапқан өзі, — деп ренжіді бір әйел.

Оркестр жоқ, колонка бар

Жастардың арғы жағынан музыка үні естілді, бірақ былтырғыдай әскери оркестр емес, дөңгелекті колонка ғана болды. Құрылғыдан қазақ тіліне аударылған кеңестік әскери әндер ойнап тұрды.«Катюша» мен «Смуглянка» бірнеше рет қайталанды. Ұйымдастырушылар акция саяси сипатта емес екенін айтып, саяси символиканы қолданбауға шақырған. Бірақ бұл талап орындалды дей алмаймыз.

Символикаға тыйым жүрмеді

Шеруге қатысушылар арасында Кеңес Одағының туын көтергендер кездесті. КСРО әскери-теңіз флотының байрағын желбіреткендер де жүрді.

Ұйымдастырушылар да, полиция да бұған еш реакция білдірмеді.

Георгий лентасының орнына көгілдір түсті «Жеңіс лентасын» тағыңдар деген үндеулерге құлақ аспағандар да аз емес. Былтырғыдан көбейе түскендей әсер қалдырды. Шеру ұйымдастырушыларынан қатысушыларына дейін жүздеген адамның кеудесінен жолақ лентаны көрдік. Сондай-ақ, кейбір балалар мен ересектер әскери пилотка киген.

Кей қатысушылар георгий лентасын не үшін таққанынын сұрағанымызда олар аталары мен бабаларының рухына тағзым етуді мақсат еткенін айтты. Бірақ құрмет білдіру үшін неге дәл сол лента мен пилотка қажет болғанын түсіндіре алмады.

Айтпақшы, метроның «Жібек жолы» станциясы маңында пилотка, лента және қалампыр гүлі сатылып жатты. Сұраныс бар жерде ұсыныс болатыны анық.

Сағат 10:00-де шеру бастала қойған жоқ. Колонна реттеліп, қозғалысқа дайындалып жатты.

Шамамен 10:10 шамасында ғана шеру қозғала бастады.

— Жеңіс күні құтты болсын! — деді камуфляж киген ер адам дауыстап.

Жиналғандар «Ура!» деп айғайлады.

Сосын шеру қатысушылары «Катюшаны» шырқай жөнелді. Әннің қатты шырқалғаны соншалық, колонканың дыбысын басып кетті.

Көп адам шеруге жол-жөнекей қосылып, телефонға түсіріп жүрді. «Желіге сурет салмағаның – қатыспағаның» деген қағида мұнда да жүріп тұр. Тіпті «Мәңгі жадымызда – вечная память» деген плакат ұстап келе жатқан әйел де селфи жасап үлгерді.

Колоннаның басы шамамен жарты сағат ішінде 28 панфиловшылар саябағына жетті. Қатысушылар бірінен соң бірі ескерткішке гүл қойып жатты.  Алматының үйреншікті кептелісі тәрізді ескерткіш маңына адамдар үйіліп қалды.

— Гүл қойып болғандар концертке өтіңіздер, басқаларға кедергі жасамаңыздар, — деді жүргізуші дауыстап.

Бірақ жиналғандар тарай қойған жоқ. Бірі ары жүріп, кері қайтып, тағы да адам ағынын көбейтті.

Сол арада қытайлық туристер тобы да көзге түсті. Олар болып жатқанның бәрін қызыға түсіріп жүр. Өйткені мұндай шеру Қытайда жоқ. Ал Қазақстанда әлі бар.