Алматы стадионы Чемпиондар лигасы өтетін таңдаулы алаңдар тізіміне енді

Ulysmedia
фото: Treads.com/adilbaltabayev

Stadiumdb.com болашақта Чемпиондар лигасының матчтарын қабылдауы мүмкін ең таңдаулы стадиондардың жобаларын жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТІЗІМГЕ ҚАНДАЙ ЖОБАЛАР ЕНДІ?

Sports.kz-тің жазуынша, портал жариялаған тізімге Барселона (Испания), Милан, Рим, Неаполь (Италия), Париж (Франция), Стамбул (Түркия), Лондон, Манчестер, Ньюкасл (Англия), Лиссабон (Португалия) және Алматы (Қазақстан) қалаларындағы жаңа ареналардың жобалары кірді.

Дереккөздің мәліметінше, Чемпиондар лигасы мен өзге де ірі турнирлер үшін ең көп күтілетін жобалар қатарында Милан мен Интердің жаңа жоспарлары, «Наполидің» болашақ үйі және Барселонадағы қайта жөндеуден өтіп жатқан «Камп Ноу» бар. Сондай-ақ «Арсенал» өз стадионын 80 мың орынға дейін кеңейтуді көздесе, «ПСЖ» тіпті 90 мың адамдық арена салуды жоспарлап отыр. Осы алпауыттардың қатарында Алматының «Қайраты» да стадионның футуристік үлгісін ұсынып, Чемпиондар лигасына ұмтылған клубтардың амбициясы тек алаңда емес, архитектурада да көрініс табатынын дәлелдеді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕҢ ҮЛКЕН СТАДИОН

Алматы әкімдігінің ақпараты бойынша, бұл нысан Қазақстандағы ең үлкен футбол стадионы болмақ. Бастапқыда жоба 35 мың адамға есептелгенімен, кейінірек сыйымдылығын 45 мың орынға дейін арттыру туралы шешім қабылданды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2027 жылдың IV тоқсанында аяқталады деп жоспарлануда. «Қайраттың» жаңа үй аренасы Құлжа тас жолы мен әуежайға баратын жолдың аралығында орналасады. Нысан УЕФА-ның ең жоғары IV санатына сәйкес келеді, бұл кез келген деңгейдегі халықаралық матчтарды, соның ішінде ірі турнирлердің финалдарын өткізуге мүмкіндік береді.