Экс-президенттікке үміткер Төлеутай Рақымбеков «Ауылдан» шықты

Ulysmedia
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстандағы бұрынғы президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбеков «Ауыл» партиясының қатарынан шыққанын мәлімдеді. Ол бұл шешімін ұзақ ойланғаннан кейін қабылдағанын айтып, партиямен 11 жылға жуық уақыт байланыста болғанын жеткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ПАРТИЯДАН НЕГЕ ШЫҚТЫ?

Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Рақымбековтің айтуынша, оның қоғамдық-саяси қызметі «Ауыл» партиясымен 2015 жылдың қыркүйегінен бері байланысты болған. Осы уақыт аралығында ол жеті жыл бойы партияның Президиумы мен Саяси кеңесінің мүшесі болса, бес жылдан астам уақыт партия төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған.

Сондай-ақ партия атынан бірнеше сайлауға қатысқан. Атап айтқанда, 2019 жылы Қазақстан Республикасы Президенті сайлауына кандидат ретінде түссе, 2021 және 2023 жылдары Мәжіліс депутаттығына үміткер болған.

«Ұзақ ой елегінен өткізгеннен кейін, мен партияның барлық сайланбалы органдарынан және партия мүшелігінен шығу туралы шешім қабылдадым», – деп жазды ол.

Оның айтуынша, партиядан шығу туралы өтініш 4 мамыр күні жолданған.

“БАСҚА ПАРТИЯҒА ӨТУ ҮШІН ЕМЕС”

Сонымен қатар, Төлеутай Рақымбеков партиядағы әріптестеріне және өзіне сенім артқан азаматтарға алғысын білдірді.

«Партияға және азаматтардың сенімін адал ақтауға ұмтылған барлық әріптестеріме, партияластарымa алғысымды білдіремін», – деді ол.

Пікірлер бөлімінде экс-кандидат бұл шешімі басқа партияға өту немесе депутаттық мандат алумен байланысты емес екенін де нақтылаған.

ТӨЛЕУТАЙ РАҚЫМБЕКОВ КІМ?

Қазақстанның аграрлық саласында ұзақ жыл еңбек еткен саясаткер әрі ғалым Төлеутай Рақымбеков елдегі ауыл шаруашылығы ғылымы мен білім беру жүйесінің дамуына үлес қосып жүрген тұлғалардың бірі. Ол 2019 жылдан бері «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ-ның Басқарма төрағасы қызметін атқарады. Сонымен қатар, 2019 жылғы Қазақстан Президенті сайлауында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан кандидат ретінде қатысқан.

Жоғары білімін Қазақ ауыл шаруашылығы институтында инженер-механик мамандығы бойынша үздік тәмамдаған. Кейін Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығын электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында білімін жалғастырды. Сондай-ақ Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша аяқтаған.

2005 жылы экономика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін қорғады. Оның докторлық диссертациясы Қазақстандағы агроөнеркәсіптік кешеннің өңдеу салаларын қалыптастыру мен дамыту мәселелеріне арналған.

Еңбек жолын 1986 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтында кіші ғылыми қызметкер және аспирант ретінде бастаған. Әр жылдары ғылым, ауыл шаруашылығы және мемлекеттік басқару салаларында түрлі қызмет атқарды.